Кейкі батырдың рөлін сомдайтын актер белгілі болды

755

0

Кейкі батырдың рөлін сомдайтын актер белгілі болды «Кейкі мерген» тариxи-драмалық телеxикаясында батырдың рөлін актер Дархан Сүлейменов сомдайды. Бұл туралы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық арнаның биылғы ең үлкен жобаларының бірі – «Кейкі мерген» тариxи-драмалық телеxикаясының түсірілімі басталып кетті. Телеxикаяның басты кейіпкері – Кейкі мергенді Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов сомдайды», – деп жазды Ерлан Қарин.
Оның жазуынша, телехикаяның сценарийін Сержан Зәкірұлы жазған, кеңесшілері – тариxшы Берік Әбдіғалиұлы мен өлкетанушы Шөптібай Байділдин, режиссері – Мұрат Бидосов. Сценарийдің соңғы нұсқасы жазушы, драматург, Дулат Исабековтың алдынан өтіп, Ұлттық арнаның сарапшылар кеңесінде талқыланған.
Бұған дейін, ол «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жанынан құрылған көркем телехикаяларды іріктеу жөніндегі Сарапшылар кеңесі Кейкі батыр туралы туынды идеясын мақұлдағанын айтқан болатын.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы  (1871-1923) – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.
Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда кеңес заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы, «Білім», 2001).
Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<