Киберспортта кездейсоқ жеңіс болмайды

7

0

Киберспорт бүгінде жай әуестік емес, ресми мойындалған, тұрақты дайындықты, психологиялық төзімділікті және тактикалық ойлауды талап ететін үлкен салаға айналды. Қазақстанда бұл бағыт 2000 жылдардан бері қарқынды дами бастады, ал 2018 жылғы 25 маусымнан бастап елімізде ресми спорт түрі ретінде танылды. Осы саланың Қызылордадағы белгілі өкілдерінің бірі – 28 жастағы киберфутболшы, «Қайсардың» ресми киберойыншысы Нұрбақыт Мирғали.

Оның виртуалды әлемге қы­зығушылығы бала күнінде басталған. Өзінің айтуынша, бұл қызығушылықтың қа­лып­тасуына әкесі ашқан шағын PlayStation клубы тікелей әсер еткен. Клубтың атауы да «Нұрбақыт» деп аталған. Сол жерде ол бала кезінен бас­тап ойынға терең бойлап, уақы­тын түгелге жуық виртуалды футболға арнаған.

‒ Ол кезде бір минут ойын бір теңге тұратын. Ал мен клуб иесінің баласы бол­ғандықтан, бәрі тегін еді. Күні бойы жаттығатынмын, 20-25 жастағы жігіттерді ұтып кететінмін. Өзім ол кезде не­бәрі он жаста едім, – деп еске алады Н.Мирғали.

Ол оныншы сыныпқа де­йін виртуалды әлеммен қа­тар өскен. Бірақ кейін өмір­­дің басқа кезеңі бастал­ды. ҰБТ-ға дайындалу, универси­тетке түсу, болашақ маман­дық­ты таңдау – бәрі ойын­нан уақытша алыстауға мәж­бүр етті. Осы аралықта әкесі­нің клубы да жабылған. Соған қа­рамастан, бала күнгі қызы­ғу­шылық толық өшкен жоқ.

Нұрбақыт киберфутболға студент кезінде қайта орал­ған. Бастапқыда жай ғана жолдастарымен ойнап көр­ген. Сол сәтте бұрынғы же­ңіске деген сезім қайта оя­­нып, қалалық турнирге қа­тысты. Нәтижесінде үшін­ші орын ал­ды. Осы нәтиже оны жаңа кезеңге шы­ғарған. Өз мүм­кін­дігін түсі­ніп, Қызыл­орда­да өткен тур­нир­лердің барлы­ғы­на қатыса бастады. Көп жағ­дайда финалға дейін жеткен. Тіпті бір кезеңде оның же­ңісі соншалық жиілеп кет­кен­діктен, ұйымдасты­ру­шы­лар әзіл-шыны аралас жа­рысқа қоспау туралы да айт­қан. «Бас­қаларға да мүм­кіндік бер» деген сөздер сол уақыттағы оның дең­гейін көр­сеткен.

Нұрбақыттың кәсіби жолы 2016 жылдан айқын көріне бас­тады. Сол кезеңнен бері қа­лалық жарыстарда үздіктер қатарынан түспеген. Ал 2018 жылы әуесқой деңгейден кә­сіби киберспортқа өткен. Оның сөзінше, бұл шешім оңай болмаған. Себебі кә­сіби дең­гейде тек жақсы ойнау жет­кіліксіз. Мұнда тео­рия, прак­тика, психология, тұрақ­ты тәртіп пен ұзақ жат­тығу керек.

‒ Киберспорт – жай ғана ойын емес, бұл – нағыз спорт. Мұнда да жеке немесе командамен өнер көрсетуге болады. Балалардың телефонмен ойнап отырғанының бәрін ки­берспорт деуге болмайды. Бірақ ресми жарыстарға қа­тысып, соған мақсатты түрде дайындалсаң, кәсіби деңгейге өсуге болады, – дейді ол.

2019 жылдан бері Н.Мир­ғали республикалық дең­гей­дегі жарыстарға қатыса бас­тады. Қазақстан чемпионы ата­ғын иеленіп, кейін халық­аралық турнирлерде де өнер көрсетті. Бүгінде ол – eFootball бойынша алты дүркін ел чемпионы. Сонымен қатар үш мәрте вице-чемпион атанған, Қазақстан кубогының екі дүр­кін қола жүлдегері болған. Бұдан бөлек, демеушілер қол­дауымен өткен көптеген тур­нирдің жеңімпазы және жүлдегері.

Оның халықаралық жетіс­тіктері де аз емес. 2024 жылы YHYA Cup Asia турнирінде алтын медаль жеңіп алды. Сол жылы Азия ойындарында үз­дік алтылық қатарына кірді. Ал жуырда өткен беделді Turan-2025 турнирінде екін­ші орын иеленді. Енді Азиа­да-2026 жарысында Қызыл­орда атынан киберспорт бо­йын­­ша ел намысын қорғай­тын спортшы ретінде дайындалып жүр.

‒ Қарапайым матч 20 минут қана болуы мүмкін. Бірақ мен соған апталап дайындаламын. Алдыңғы ойындардың қайталауын көремін, қате­ле­рімді талдаймын, қарсы­ластың әрекетін алдын ала болжауға тырысамын. Осы мақсатта ней­рожеліні де қолданамын. Бұл жерде тактика, психология және ойлау жылдамдығы шешуші рөл атқарады, – дейді спортшы.

Оның айтуынша, киберспортта физикалық күштен гөрі реакция, психологиялық дайындық және тактикалық сауат маңызды. Ойыншы жыл­дағы шешім қа­былдай алуы керек. Қы­сым­ға шыдай білуі тиіс. Қар­сы­ластың ойын оқу, қатені дер кезінде тану, тәртіп сақтау – мұның бәрі классикалық спорт­тағыдай үл­кен еңбекті талап етеді.

Нұрбақыттың негізгі ма­мандығы да бар. Ол – инженер-гидротехник және экономист. Бірақ әзірге өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Қазіргі басты бағыты – киберспорт. Оның сөзінше, бұл саладан табыс табуға болады. Әр жарыстың өз жүлде қо­ры бар. Қазақстандағы тур­нир­лер­де бірінші орынға бері­ле­тін сыйақы көбіне 300-400 мың теңге шамасында. Ал Азия кубогындағы жетістігі үшін шамамен үш мың доллар алған. Ол команда құрамында өнер көрсететіндіктен, тұрақ­ты жалақы да алады.

‒ Егер бес жылдан кейін, тіпті үйде отырып-ақ Әлем кубогын көтерсем, бұл – ме­нің бала күнгі арманымның орындалғаны, – дейді киберфутболшы.

Қызылордалық кибер­спорт­шының бүгінгі жолы бір нәрсені анық көрсетеді: ки­бер­спортта жеңіс кездейсоқ келмейді. Оның артында ұзақ жылдық тәжірибе, жүйелі дайындық, психологиялық тұ­­рақтылық және үздіксіз із­деніс тұрады. Нұрбақыт Мир­ғали дәл осы қасиеттердің ар­қасында Қазақстандағы ки­берфутболдың танымал тұл­ғаларының біріне айналды. Қазір ол ойында, келесі үлкен межесі – халықаралық аренада Қазақстан туын одан әрі биіктету.

Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ,

«Сыр бойы»