Кіші Аралдан күй кетсе…

599

0

Фото: egemen.kz

Жалпы кезінде жарыса аққан Әму мен Сыр қатар толтырған теңіздің кешегісін көріп, айдынында жүзгендердің әңгімесін тыңдасаңыз қазіргі Кіші Аралды кәдімгідей қомсынып қаласыз. Дегенмен де ұшан теңіздің осы алақандай пұшпағын аман алып қалу оңай болған жоқ. Жергілікті жұрт сонау 1989 жылы-ақ ұлы теңізден бөлінген айдынның алдын әлденеше рет бөгеп, суы аса тұзданып, тіршілігі тоқтауға жақын қалған шалқар суды сақтап қалудың қамын жасаған. Бірақ су молайып, тұздылығы азайған жойқын су құмнан тұрғызылған бөгетті әлденеше рет шайып, талай мәрте еңбек еш кетті. Ұлы теңізге құлаған мол сумен бірге мыңдаған тонна балық ығып, ащы суда қырылып қалды.

Жағалауынан жүздеген шақырым жырақтаған теңізден күдер үзіп, жігері құм болған аралдықтардың даниялық балықшылар бастаған «Каттегаттан Аралға дейін» жобасы аясында камбала балығын аулаған кезі де өткен еді. Обалы не керек, тұзды суда ғана тіршілік ететін бұл жәндік біраз жыл талғажауға жарады. Тек «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңінен кейін ғана Кіші Арал толып, айдында сазан, торта, табан, қаракөз, көксерке, ақмарқа, қылыш, шортан, қызылқанат, жайын, жыланбас, ақ амур, дөңмаңдай балықтың саны көбейіп, өндірістік мақсатта аулана бастады. Тоқсаныншы жылдар басында теңіз суының тұздылығы мұхит тұздылығымен бірдей болса, 2006-2007 жылдары литріне 10-11 грамға түсті. Кіші теңіздің шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс аумақтарында балықтардың уылдырық шашатын орындары пайда болды.

Көкарал бөгеті салынған жылдардан бастап су деңгейі 42 метрге көтеріліп, жалпы аумағы 328 мың гектарға ұлғайды. Екімыңыншы жылдармен салыстырғанда теңізден балық аулау 20 есеге өсіп, бүгінде жылына 7 мың тоннаға жетіп отыр. Осыдан да саладағы шаруашылықтар мен өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде өңірдегі 8 балық өңдеу зауытының өнімі Ресей, Польша, Германия, Қытай мен Грузияға экспортқа жіберіледі.

Бөгет салынғаннан кейін-ақ Кіші Аралдың айдыны толып, ауқымы 27 шаршы шақырымға жеткен кездегі теңіз жағалауындағы байырғы жұрт мекендеген елдің қуанышын әлі ұмытқан жоқпыз. Бірақ бүгінде кіші айдын толға­лы балықтан қомақты табыс тауып, саланы аймақтағы табысты өндіріске айналдырған балықшылардың алаңы көбейіп тұр. Олар үшін келешекті көлегейлеп, көңілге күдік ұлғайтып тұрған мәселе – теңізге түсер судың жыл сайын азайып келе жатқандығы. Жалпы, соңғы 10-13 жылда теңіздегі су көлемі 8,5 миллиард текше метрге азайып кеткен.

Былтыр теңіз қолтығында жатқан Ақбасты, Қаратерең ауылдарына барғанымызда ондағылар балық азайып кеткенін, айдынды әуелгі қалпына келтірмесе бұл кәсіптің келешегі бұлдыр екенін айтқан еді. Жыл санап шикізат қорының түгесіле бастағанын су алабын 18 аумаққа бөліп алған табиғат пайдаланушылары да айқын сезініп отыр. Ғылыми зерттеулер мәліметінше судағы тұз промилі 12-ден асқанда балық уылдырық шашуын тоқтатады. Ал 16 промильде қоректене алмай, қырыла бастайды. Осыдан 2 жыл бұрын жасалған зерттеуде теңіз суындағы тұз көрсеткіші 10-нан 24 промильге дейін көтерілгені байқалған. Мамандар жалпы орта есеппен теңіз суының тұздылығы литріне 13 грамм деп отыр.

– Бұл теңіз аумағының 60 пайызында балықтар уылдырық шашып, көбейе алмайды дегенді білдіреді, – дейді «Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалының директоры, балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер Зауалхан Ермаханов. – Аралдың байырғы балықтары судың орташа тұздылығы 10 грамм болған кезде уылдырық шаша алатын. Егер теңіз суының әр литрінде тұз бұдан көбейіп кетсе, уылдырық шашқан күннің өзінде ол шабаққа айналмайды. Кейінгі кезде соны байқап отырмыз. Осы күні-ақ Кіші Аралдың 30 пайызында жергілікті балықтар тіршілік қыла алмайтындай жағдай болып тұр. Бұрын күніне орта есеппен 100 келі балық аулайтындардың қазіргі тапқаны 20-30 келіден аспайды. Салған ауы бос шығып, еңбегі еш болып жүргендер де аз емес. Өстіп төмендей беретін болса, төрт-бес жылда тіршілік тоқтап, Кіші Арал өлі теңізге айналады. Сондықтан да тұзды суда тіршілік етуге бейім балықтарды жерсіндіруді дереу бастап кетуіміз керек. Бұларға кезінде биологиялық негіздеме жасалған. Тек істі бастау үшін Үкімет қолдауы қажет.

Тәжірибелі ихтиолог бұл пікірін өткен жыл соңына қарай Қызылордаға арнайы келіп, жұртшылықпен жүздескен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесуде де айтты. Жиынға келген жауапты қызмет өкілдері теңіздегі балық қоры тұрақты екендігін айтқанмен, министр тәжірибелі маман пікіріне құлақ асып, ұсынысты талқылауды тапсырды.

Осыдан 1 ай бұрынғы мәлімет бойынша Сырдариядан облыс аумағына секундына 400 текше метр су келіп жатыр. Осының 10 пайыздан астамы ғана Аралға жетеді. Мамандар пікірінше, жылына 6 текше шақырым су толассыз құйылып тұрған жағдайда ғана Кіші Арал 5-6 жылдан соң бұрынғы қалпына келмек.

Бұл мәселеге байланысты Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы мамандарына соқтық. Инспекция басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров теңіздің Сарышығанақ, Бутаковка шығанақтарында су таязданып, тұзданғанын жасырмайды. Жалпы, қазір теңіздегі 18 бөліктен бір жылда ауланатын балық көлемі 6 900 тонна шамасында.

– Біздің инспекция міндеті – балық ресурстарын сақтау, оны браконьерлерден қорғау. Ал теңізді тұздануын негізінен «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы мен «Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС мамандары зерттейді. Біздің білуімізше алдыңғы жылы су тапшылығынан қатты тұзданып кеткен теңізде жағдай былтыр біршама жақсарған. Бірақ Кіші Аралдағы жағдайға байланысты бізде комиссия құрылып, оның құрамына жоғарыдағы екі серіктестік, жергілікті әкімдік, басқарма өкілдері енгізілді. Төтенше жағдай саласы мамандары рұқсатын алсақ, теңізге шығып, зерттеуге кірісеміз, – дейді Жанқожа Сапаров.

«Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалының директоры Зауалхан Ермахановтың айтуынша Сырдарияда су аз болатын кезеңдер бұрын да кездескен. Мысалы, 1974 жылдан 1988 жылға дейін осындай жағдайды бастан кешкенбіз. Одан кейін біраз уақыт арна толық болғанмен, соңғы жеті-сегіз жылдан бері тапшылық байқалып келеді. Болжам бойынша Сырдарияның төменгі арнасындағы ахуал 2030 жылдан кейін ғана қалпына келуі керек.

– Келер жылға балық аулау лимиті 6 500 тонна болып отыр. Бірақ қазіргі жағдайда теңізден жылына 2,5-3 мың тонна ғана аулай аламыз. Сондықтан да бүгіннен бастап қам жасауымыз керек. Бұрын теңіздегі тұз мөлшері литріне 7-10 грамм болған уақыттары камбала тұқымы азайып кетті. Қазіргі жағдайда соларды көбейтуге кірісуіміз керек. Бұл бір жылдың жұмысы емес. Арал теңізінің байырғы балықтары өмір сүре алмайтын жағдайға жеткенде камбаладан бөлек Арал қаязы секілді жоғары бағаланатын пеленгас балығын жіберіп, балық шаруашылығын сақтап қалуға болады, – дейді Зауалхан Ермаханов.

Теңіздегі бұл жағдай мемлекеттік тапсырысты орындап, теңізде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы мамандарына жақсы таныс. Бірақ осы филиал басшылығынан бір дерек алу қиынның-қиыны болды. Бірде іссапарда, енді бірде демалыста жүрмін деген филиал басшысы Тынысбек Барақбаев телефон арқылы жолдаған сауалымызды да жауапсыз қалдырды. Басқаны қайдам, Кіші Аралдың күн сайын күйі тайып бара жатқанын жанұшыра айтқан балықшыларға, айдынның ертеңіне алаңдаған мамандарға бірауыз сөзін қимаған филиал директорының бұл қылығын біз түсінбедік. Мүмкін кіші теңіздің жағдайын «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі мекемесінің бас кеңсесі айтар.

Кіші Арал – теңізді аудан үшін тіршіліктің көзі. Ал оның күйі тайса, жағалауындағы жұрттың жағдайы кетеді. Қазір олар кіші теңіз кемеріне келер деген көмескі үмітті ғана малданып отыр.

Теңіздің ертеңіне алаңдаған жұртты осы үміті сенімге айналғай.

Мұрат Жетпісбаев,

Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<