KITAП–AMANAT: ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ЖӘНЕ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

4

0

«AMANAT» партиясының «Кітап–AMANAT» партиялық жобасы аясында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиұлының авторлық кітабының тұсаукесер рәсімі мен таныстырылымы ұйымдастырылды.

Тағылымы мол іс-шараға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұса Келдібаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Ордабеков аудандық кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кітап авторы, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиұлы жиналғандарға кітап шығару идеясы, оны жүзеге асыру жолындағы ізденістер, Назар бабаның тарихы, атқарған қызметтері туралы кеңінен айтып өтті.

– Аллаға мың да бір шүкір, қазір жасым тоқсанға таяп қалды. Ұл­қыз өсіріп, ұр­пақ өрбітіп, немере-­шөбе­релерімнің қызығына кене­ліп, ағайын­-туыстың орта­сында құрметке ие болып отырмын. Өмір – адамға бір­ақ рет берілетін үлкен сый, баға жетпес құндылық. «Осы өмірді қалай өткіздім?» деген сұраққа үңіліп, әрі Назар бабам туралы жазайын деп қолыма қалам алдым. Өмірім, ата­-бабамыздың ата­қонысы болған қасиетті Бидайкөл, ба­лалық шағым, жастық кезеңім, азамат болып қалыптасқаным, еңбекке ара­ласқаным, алғашқы жетістіктерім мен бағындырған белестерім көз алдымнан киноның лентасындай сырғып өтті. Жақсы да болған, қиындықпен де бетпе­ бет келген кездер баршылық, әрине. Түрлі оқиғаларға, бақытты сәттерге толы шақтар да көп екен. Сондықтан тоқ­сан жылға жуық өмірімнің бір өрнегі, тағдырымның тағылымы, ғұмырымның ғибраты болсын деп осы кітапта бәрін кеңінен баяндап жазуды жөн көрдім. Кітапта негізінен Назар бабамыз бен ұрпақтары туралы жазылған және ауданның тарихы да қамтылған. Кітап көпшілік қауымға арналады, – деді Нұрпейіс Сағиұлы.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұса Келдібаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сөз сөйлеп, тарихи-танымдық мәні зор, тағылымы мол туындыны жоғары бағалап, аудандық кітапхана арқылы кітапты оқырман қауымға насихаттау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар ел ағалары Ғалым Уәлиев пен Уәлихан Ахметов пікір білдіріп, бабалар аманаты өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтты.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі мен таныстырылымы өткізілгеннен кейін өткеннің бүгінге, бүгіннің болашаққа аманат сөзін арқалаған туынды кітапхана ұжымына, оқырман қауымға ұсынылды. Ел ағалары ақ батасын беріп, тектілік, адал еңбек, бірлік, ынтымақ секілді ұлттық құндылықтарымыз жөнінде орнықты ойлар мен пайымды пікірлер ортаға салынды.