«Кітап оқы да, кемелден!» атты көркем әдебиет оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды

182

0

Фото: Сырдария ауданы

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Кітап оқы да, кемелден!» атты мектеп оқушылары арасында өткізілген көркем әдебиет оқу байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы өкілдігінің өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, үш дүркін Алтын домбыра иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, идея авторы Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ақын Нұрмат Мансұров, аудандық мәслихат депутаттары, оқушылар мен аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы жас оқырмандарды Балаларды қорғау күнімен құттықтап, көркем әдебиет оқу байқауының рухани-тәрбиелік маңызын атап өтті.

«Кітап оқы да, кемелден!» атты көркем әдебиет оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды

– Кітап – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына, баға жетпес байлық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Сондықтан сарқылмас қазына – саналы ұрпақ өсірудің, ел болашағын кемел етудің кепілі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Аймақ басшысының қолдауымен жыл басында ауданымызда «Руханият» орталығы бой көтеріп, қазіргі заман талабына сай кітапханамыз жүйелі жұмыс жасауда. Мұнда жас ұрпақтың рухани өсуіне барлық жағдай жасалған. Дана халқымыз «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Сіздердің білім жолындағы алғашқы жеңістеріңіз – кітаппен дос болу. Руханият пен білім жолында баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар іс-шараның құрметті қонақтары «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ақын Нұрмат Мансұров өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

«Кітап оқы да, кемелден!» атты көркем әдебиет оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды

Салтанатты жиында байқаудың жүлдегерлері арнайы дипломдармен марапатталып, демеушілер ұсынған сый-сыяпаттарға ие болды.

Айта кетейік, «Кітап оқы да, кемелден!» көркем әдебиет оқу байқауы мектеп оқушылары арасында М. Әуезовтың «Қараш-қараш», «Көксерек», «Оқыған азамат», «Қорғансыздың күні» шығармалары бойынша, Ғ. Мүсіреповтың «Ұлпан» романы, Қ. Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» повесі, Т. Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесі және С. Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі бойынша өткізілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі