Кілем жууға барған тағы бір әйел суға батып кетті

365

0

Кілем жууға барған тағы бір әйел суға батып кетті Үлкен Алматы каналында, рұқсат етілмеген жерде кілем жуған 1986 жылғы әйел суға батып кетті. Оның денесі әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Оқиға 2018 жылғы 23 шілде күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Алматы-Есік автожолы учаскесінде орын алған. Оқыс оқиға жайлы ақпарат Есік қаласының №6 өрт сөндіру бөліміне сол күні сағат 17:19-да түскен. Сол мезеттен бастап қайтыс болған әйелдің денесі іздестіріліп жатыр. Қайғылы оқиға болған сәтте әйелдің жанында оның күйеуі болған. Өкінішке орай, ол жұбайын құтқара алмаған. Әйел жүзе алмаған, оған қоса каналдағы су тереңдігі 2 метрге жетіп, ағыны күшті болған», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Ресми өкіл Үлкен Алматы каналы даланы суаруға арналғанын еске салды. Ол жерде суға түсіп, кілем жууға болмайды.

«Құтқарушылар тобы әйелдің туыстары көрсеткен жерлерді тінтіген. Олар төменгі ағысқа қарай шамамен 18 км аумақта іздестіру жұмыстарын жүргізді. Суға кеткен әйелдің туыстары суару шлюздерін тексеруді талап еткен. Дегенмен, сүңгуірлердің өміріне қауіп төнгендіктен олар шлюздерге түспеген. Бұл қауіпсіздік техникасында бекітілген. Осы жайында туыстарына айтылды. Қазіргі таңда құтқарушылар мен әйелдің туыстары іздестіру жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Руслан Иманқұлов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<