Бүгінде облыс бойынша көмір тапшылығы жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында жергілікті тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бойынша өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов мәлімдеді.
– Біздің есебіміз бойынша, облыс тұрғындарына қажетті көмір 207 мың тонна болса, қазіргі таңда оның 25 проценті келіп, халыққа таратылуда. Бүгінде ешқандай бағаның ауытқушылығы сезіліп жатқан жоқ. Облыс аумағында 36 көмір жинақтау орны бар, оның 5-і қалада. Біз күнделікті мониторинг жасап отырамыз. Қазір баға 14-16 мың теңге аралығында, – деді Ерлан Жоламанов.
Жеткізілетін көмір қорының кестесі әзірленіп, биыл маусым айынан бастап Қарағанды облысының Шұбаркөл, Шығыс Қазақстан облысының Қаражыра және Павлодар облысының Екібастұз, Майкөбен көмір өндірушілерінен темір жол арқылы тасымалдануда.
Брифингте қыстың қамын кейінге қалдырмау жайлы да айтылды. Сондай-ақ, тұрғындар жылу маусымына дайындықтарын кейінге қалдырмай, қажетті отынды дер кезінде жинап алса деп ескертеді.
– Қыс мезгілінде дүрбелең болмас үшін тұрғындар осы бастан қажетті отынды қамдап алуы қажет. Себебі, күн салқындағанда сұраныс та жоғары бола түседі. Ортадағы делдалдар бағаны көтеріп жібереді, – деді Е.Жоламанов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<