КӨНЕ ЖӘДІГЕРЛЕР КӨРМЕСІ

445

0

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сырлы өрнектер» атты көрме өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған көрменің мақсаты – халқымыздың көпғасырлық еңбегі мен өркендеу жолын көрсету, мәдениетіміз бен идеологиямыздың одан әрі дамуына үлес қосу. Көрмеге музей қорында сақталған қолданбалы тоқыма бұйымдары, киізден жасалған ұлттық нақыштағы (текемет, кілем, бау-басқұрлар, қоржын, аяққап, желбеу, иінбау және тағы басқа) көздің жауын алатын құнды жәдігерлер қойылды.
Шараға ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Р.Шегебаев, Қазақ гуманитарлық заң және технология колледжінің аға оқытушысы А.Қожахметұлы қатысып, ұлттық өнердің жас ұрпаққа үлгі боларлық тәрбиелік маңызы туралы айтып, қалыптасу тарихы жөнінде ой қозғады.
– Бүгінгі көрмені ұйымдастырудың маңызы мен берері мол. Ата-бабамыздың қолданған заттарын жас ұрпаққа насихаттау – борышымыз. Келушілердің басым көпшілігі – жастар. Олардың әртүрлі затқа қызығып, сол зат туралы ақпарат білгісі келіп тұрғаны бізді қуантты, – деді музейдің бас қор сақтаушысы Аманкүл Нұржанова.
Шырайлы көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген көрме 10 наурызға дейін жалғасын таппақ.

Наргиза БЕКТАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<