Коалиция мүшелері балалар ауруханасы ұжымын референдумға қатысуға шақырды

4

0

Фото: Amanat Қызылорда облысы

Қызылорда облыстық балалар ауруханасында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиынға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Балжан Шәменова, Әбіләзім Әбдіғабит, Гүлстан Мақсутова, Гүлнар Есқалиева, Динара Ибадуллаева қатысып, медицина қызметкерлерімен еркін форматта пікір алмасты.

Кездесуде 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум және Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер сөз болды. Әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларға назар аударылды.

Мәселен, коалиция мүшесі Әбіләзім Әбдіғабит жаңа жобада адам өмірі, денсаулығы және қадір-қасиеті басты құндылық ретінде көрсетілгенін айтты. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатының енгізілуі құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталғаны жеткізілді.

Коалиция мүшесі Балжан Шәменова мемлекет тұрақтылығының негізі ретінде егемендік, аумақтық тұтастық және унитарлық құрылым қағидаттары айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа Ата заң жобасындағы басқару жүйесінің теңгерімділігі мен қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты дамыту мәселелері бойынша пікірін білдірді.

Гүлстан Мақсутова білім, ғылым және адами капиталды дамытуға басымдық берілгенін атап өтіп, заңдарға кері күш беруге тыйым салу құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететінін айтса, Динара Ибадуллаева қауіпсіздік ұғымының кеңейтілгенін, соның ішінде жеке деректерді қорғау мен электрондық ақпараттың құпиялылығына қатысты нормалар қамтылғанын жеткізді.

Жиын соңында дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерінің сауалдарына жауап беріп ұжымды Ата заңды қолдап, референдумға қатысуға шақырды.