Кеше партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде аймақтың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары көтеріліп, жауапты органдардың бұл жұмыстарға әзірлігі, қауіпті учаскелердегі ахуал, күш пен техниканың дайындығы, өзара іс-қимыл алгоритмдері жан-жақты қаралды.
Отырысқа облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі, су маманы Жорабек Нұрымбетов және жауапты сала, мемлекеттік органдар басшылары қатысты.
Жалпы Қызылорда облысы аумағынан ағып өтетін Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Өзеннің оң жағалауында 380,37 шақырым, сол жағалауында 244,75 шақырым, барлығы 625,12 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Өзен облыстың барлық 7 ауданы, 4 қаласын және 230 ауылдық елді мекенін қамтығандықтан 31 ықтимал су басу аймағы белгіленген. Бұл аймақтарда 83 668 тұрғын, 16 527 тұрғын үйі бар 36 елді мекен орналасқан. Бүгінгі күні ықтимал су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
Жиында хабарлама жасаған облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев бұл жұмыстарға 268 арнайы техника және 1 195 адам күшін құрайтын 101 жауапты мекеме бекітілгенін, су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қордың жеткілікті және қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында 59 жинақтау және 70 қабылдау эвакуациялық пунктері дайын. Сонымен қатар, су тасқыны кезеңінде өзен бойына мониторинг жұмыстарын жүргізу мақсатында тікұшақ қызметін пайдалануға, мұз жару жұмыстарын жүргізуге және өзге де қажетті материалдарға бюджеттен қаржы бөлінгендігін атап өтті.
Отырыста күн тәртібіндегі мәселеге қатысты кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар көтеріліп, жауапты сала өкілдерімен оны жүзеге асырудың жолдары пысықталды.
Комиссия төрағасы Нұркен Бақытбекұлы бұл мәселе тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де қаралатынын атап өтіп, су тасқынына дайындық барысы «AMANAT» партиясының үнемі бақылауында болатындығын жеткізді.
«Күн тәртібінде қаралған мәселе – тек маусымдық сипаттағы жұмыс емес, бұл – аймақ қауіпсіздігіне тікелей қатысты стратегиялық бағыт. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны еліміз үшін үлкен сабақ болды. Сондықтан біз төтенше жағдайдың алдын алу бағытындағы жұмыстарды формалды түрде емес, нақты тәуекелдерді ескере отырып ұйымдастыруымыз қажет. Сырдария өзені – өңірдің тіршілік көзі. Оның арнасындағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы, қорғаныс бөгеттерінің беріктігі, халықты уақытылы хабардар ету жүйесінің дайындығы – барлығы да қатаң бақылауда болуы тиіс.
Партиялық бақылау комиссиясы бұл мәселені тұрақты назарда ұстайды. Егер заңнамалық өзгерістер қажет болса, ұсыныстарды Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы арқылы көтеруге дайынбыз. Ал бюджеттен қаражат бөлу мәселесінде мәслихаттағы фракцияларымыз тиісті қолдау көрсетеді. Ең бастысы – жауапты органдардың үйлесімді жұмысы мен нақты мерзімге бағытталған іс-қимыл жоспары болуы керек. Былтыр көтерілген мәселелер биыл қайталанбауы тиіс. Біз үшін басты мақсат – аймақ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал қауіптің алдын алу», – деді комиссия төрағасы.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге бірқатар міндеттер жүктеліп, нақты тапсырмалар берілді. Партиялық бақылау комиссиясы су тасқынының алдын алу шараларын тұрақты бақылауда ұстайтын болады.






