Экономикалық қылмыстар – қоғам мен азаматтарға зор зиян келтіретін аса қауіпті әрекеттердің бірі. Бүгінде олар жаңа форматта дамып, кең таралуда.
Қаржы алаяқтығы, салықтан жалтару, заңсыз ойын – мұның бәрі ел экономикасына кері әсер етеді. Бұл ретте қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеруде облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірқатар жұмыс атқаруда.
Мәселен биылғы жылдың І тоқсанында департаменттің бастамасымен «Кибернадзор» студенттік волонтерлік тобы құрылды.
Есептік кезеңде жүйе аясында қаржылық пирамидалар, криптовалюталар және заңсыз құмар ойын бизнесі саласында 2657 интернет-сілтемесі бұғатталды. Оның ішінде 2488 пирамидаға, 6 криптовалютаға, 163 құмар ойын бизнесіне қатысты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 412 болған.
Бұдан бөлек ҚР ҚМА имиджін арттыру және халық арасында қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен аймақтың ірі сауда нүктелерінде (Қызылорда қаласындағы «Альсада», «Жанар», «Дария», «Газет» сауда үйлерінде) 30 мың дана химиялық өнімдерге (жуу ұнтағы және ағартқыш) QR-кодтар жапсырылуда. Бұл QR-кодтары бар жапсырмалар қаржылық сауаттылық бойынша түсіндіру материалдарын қамтиды.
Сондай-ақ, халықты қаржылық пирамида, дропшиппинг және заңсыз құмар ойын бизнесінің ықтимал тәуекелдерінен қорғауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.
Экономикалық қылмыстарды әшкерелеу ұзақ уақытты талап етеді. Мұндай қылмыстарды ашуда кәсіби мамандардың үйлесімді жұмысы қажет.
Қалай десек де экономикалық қылмыстың алдын алуда департаментке артылатын жүк ауыр.
Мейрамгүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<