Топ-баннер2

Көлік жүргізуді үйретуші

6

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде темір тұлпар тізгіндеген қыз-келіншектердің қатары көп. Осыдан он-он бес жыл бұрын қала көшелерінен көлік айдаған бірен-саран әйелді көрсек, қызықтап қараушы едік, қазір көзіміз үйренгені соншалық, мән бермейтін болдық.  Тіпті кейінгі екі-үш жылдықта олар ерлермен бірдей ниетті жандарға көлік жүргізудің қыр-сырын  үйретіп жүр. Үлкен қалаларда әйел инструкторлар баршылық. Ал Қызылорда секілді шағын қалаларда саусақпен санарлықтай. Соның бірі –  Мақпал Торманова.

Ол машина жүргізуге бала кезінен қатты қызықты. Мектеп оқитын кезінде әкесінің «Жигулиіне» отырып рулін олай-былай қозғалтып, жылдамдығын ауыс­ты­рып, тежегішін басып, әрі-бері «жүргізіп» ойнайтын болған. Студент кезінде де қызығушылығы басылмай, 2010 жылы педколледждің 4-курсында автомектепке барып оқып, жүргізуші куәлігін алды.  Кейін көлікті болды. Тұрмыс құрғанша емін-еркін айдады. Тұрмысқа шыққасын жолдасы біраз уақытқа дейін рұқсат бермеді және төрт балалы болды.

– Тұңғыш балам денсаулығында кінәра­тымен өмірге келді. Әрі-бері барып, жан-жаққа емдеттік. Алғашқыда жолдасым көлікпен тасып, бәріміз бірге жүрдік. Кейін екеуміз бірдей баланың ізінде жүрмей, біреуіміз жұмысқа шығу керек болып, жолдасым вахтаға басқа қалаға кетті. Ал мен баламен қалдым. Оның жыл  бойы емі бар, бассейні, логопед мамандарға, массажы­на таксимен апарып жүрдім. Кейін түрлі қиыншылықтарға байланысты қайтадан рульге отыруым керек деген шешімге келдім. Арада біраз уақыттан кейін отырғандықтан көлікті жатырқап, қорқыныш сезімі туындады. Жолдасым үйреткендей болды, бірақ ер адамның әйелдің сансыз сұрағына жауап беруге құлқы болмайтынын және жүйкесі шыдамайтынын түсіндім.  Сосын әйел инструктор іздей бастадым, бірақ біздің қаладан таппадым. Сол себепті өзім, аз-аздан үздіксіз машығымды арттыра отырып, жақсы айдап кеттім, – дейді ол.

Мақпалдың негізгі мамандығы –  мұғалім, екі дипломы бар. Бірақ баласының диагнозына байланысты тұрақты жұмысқа шыға алмайтындықтан, өзіне ыңғайлы жұмыс қарап жүретін. Бір күні «Шымкент қаласынан әйел инструктор болуға дайындаймын» деген жарнаманы көріп, сол жаққа арнайы барады.

– Айнұр атты автоинструктордан бар­лы­ғын үйрендім, білімімді арттырдым. Әйел кісіге қыз-келіншектер барынша ашылып, ойын айта алады, қанша сұрақ қойса да жауабын алады, ал ер азаматтар көп сөйлегенді ұнатпайды, сол себепті көкейінде  қанша сұрақ тұрса да, ашылып қоя алмайды. Қазіргі уақытта,  таңертең ерте бала-шағамды балабақша, мектепке апарып, қалған уақытта қыз-келіншектерге көлік айдауды үйретемін. Осылайша, ерекше балам мені өмірдің жаңа бір белесіне шығуыма көмектесті десем де болады. Бұйырса, тек қыздарға арналған автомектеп ашсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Мақпал.

Күніне 8 сағат жұмыс істейді.  Айына шамамен 100-ге жуық курсантты үйретіп шығарады. Келушілер саны күн өткен сайын артып келеді екен. Мақпалдың айтуынша, көлік жүргізуге ниеттілердің көпшілігі балаларын жаяу тасып шаршағандар. Сонымен бірге, әйел үйретушіге қуана келудегі үлкен  себептің бірі – күйеулерінің қызғаншақтығы.

– Маған келетін қыз-келіншектердің барлы­ғында дерлік басты себеп – күйеулерінің қыз­ғанышы. Оған қоса жоғарыда айтып өткенімдей, еркін сұрақ қойып, толық түсінуге ыңғайлы болғандықтан келеді. Ер кісіден үйреніп, кейін маған келіп көп нарсені түсініп, терең біліп  кететіндер баршылық. Басқа қалаларда авто­инструктор әйелдер өте көп, ал біздің Қызылорда ол жағынан енді даму үстінде. Білуімше, әзірге тек  ер кісілер, – дейді ол.

Автоинструктордың сөзінен түсінгеніміз, әйелдер негізінен қажеттіліктен машина жүргізіп үйренуге мәжбүр. Таусылмайтын тірлік, бала-шаға қамы нәзікжандыларды амалсыз темір тұлпар тізгіндеуге жетелейді. Бұрын ер кісілер үйретсе, енді қыз-келіншектер бір-біріне үйретіп жүр. Бұл да жақсы.

Қысқасы, ерекше баласы бола тұра, бір жағынан кәсіппен айналысып ақша тауып, бір жағынан қыз-келіншектерге көлік айдауды үйретіп жүрген Мақпалдың мықтылығына тәнті болдық.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы