Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте бірқатар өзекті мәселелер қаралып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Күн тәртібінде алдымен көмір өнеркәсібі, алдағы 2026-2027 жылдардағы жылу маусымына қажетті қатты отын қорын жоспарлау және елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды.
Өткен жылу маусымда жоспарланған 17 мың тонна көмірдің орнына ауданға 14 200 тонна көмір жеткізілгенімен, тұрғындар арасында қатты отынға деген тапшылық орын алмаған. Оның басты себебі – соңғы жылдары елді мекендердің табиғи газға қосылуына байланысты көмірге сұраныс төмендеп отыр.
Осы ретте, аудан әкімі тиісті сала басшыларына биылғы жылға елді мекендерді газдандыру бойынша жоспарланған Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түкібаев ауылдарын газдандыру жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізу, келер жылғы жылу беру маусымына қажетті қатты отын қорын нақты жоспарлап, облысқа ұсыныс беру жөнінде тапсырмалар берді.
Мәжілісте ветеринария саласының атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері де кеңінен қаралды. Аудан басшысы өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты болғанымен, саладағы бірқатар кемшіліктер сынға алып, мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және ветеринариялық-профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, иесіз жануарларды аулау, мал қорымдарының және мал тоғыту ванналарының жай-күйі, сондай-ақ ветеринариялық пункттердің санитарлық жағдайы бойынша қатаң ескертулер берді. Жауаптыларға аталған нысандарды қысқа мерзімде ретке келтіру және бақылауды күшейту тапсырды.
Аудан басшысы 2026–2027 жылдары аудан аумағында 14 мал қорымын салу жоспарланып отырғанын айтып, ауыл әкімдері мен жауапты сала басшысына олардың сапасы мен қолайлы орналасуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ көктем мезгілінде белең алатын аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларын күшейту мәселесіне де тоқталып өтті.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты макроэкономикалық көрсеткіштерді орындау, төтенше жағдайлардың алдын алу, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, инфрақұрылым нысандарының жай-күйін бақылау және кәсіпкерлік нысандарды ретке келтіру бағытында тиісті сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Қазалы ауданы әкімдігі






