Көне қолжазбалар көмбесі

6

0

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жаңа кітаптар жарық көрді.  Отандық қаламгерлер ТМД елдерінің архивтерінде зерттеу жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтап, 15 ғылыми-шығармашылық еңбек әзірледі.

Мақсат Тәж-Мұраттың «Бабалар атты барған жер: Армения сапары» еңбегі – автордың Арменияға жасаған зерттеу сапарынан туған ғылыми-та­нымдық жазба. Кітапта жазушы армян архивтері, Матенадаран, ұлттық кітапханалар мен ғылыми орталықтардағы қып­шақтарға қатысты деректерді зерделеп, көне қолжазбалардың жай-күйін қарастырады.

Журналист, зерттеуші Се­рікбол Хасан «Уфа. Ғалия. Қа­зият (әдеби-танымдық зерттеу)» деп аталатын жаңа кітабына Уфадағы «Ғалия» медресесі мен Уфа мүфтилігіндегі Қазақ қа­зияты (бөлімі) жайлы соны ізденісі топтастырылды.

Белгілі жазушы Елдос Тоқ­тарбайдың архив құжат­тары негізінде деректі һәм хрони­калық жанрда жазған «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» деген романына қазақтың тұң­ғыш басылымы саналатын «Қа­зақстан» газетінің тарихы арқау болған.

Жазушы Серік Сағынтайдың «Қайран менің Еділім…» атты кітабына Алаш арысы Әлімхан Ермековтің 1920 жылы Астрахан облысынан қазақ жерлерін қайтарып алудағы еңбегі, оған жетер жолы, қазақ жерінің тағдыр-таланы арқау болды.

Бауыржан Мырзақұлдың «Еділ, Жайық – екі су…» атты еңбегінде Астрахан өңірін­дегі қазақтардың тарихы, мәде­ние­ті, әдебиеті мен баспа­сөзі­не қа­тысты тың деректер қам­тылған.

Ділдар Мамырбаеваның «Же­рі жақынның – елі жақын» кітабында туысқан, бауырлас қазақ-өзбек халықтарының әде­би байланыстарының тарихи тамырлары сөз болады.

Алаштанушы ғалым Алтын­бек Құмырзақұлының «Науан хазірет – күрескер тұлға» кітабында дін қайраткері, ағар­тушы, ұстаз Науан (Наурызбай) хазірет Таласұлының өмірі мен қызметі, ататегі мен отбасы, ұрпақтары туралы сөз болады.

Қайырбек Кемеңгердің «Қа­зақ-татар әдеби байланы­сы: тарихи ықпалдастық, қа­зіргі жағдай» атты ғылыми-та­нымдық еңбегінде қазақ-татар әдеби байланысының тарихи кезеңдері мен қазіргі жағдайы зерттелген.

Өміртай Еділханұлының «Астрахан айшықтары» атты еңбегінде Астрахан өлкесінің бай тарихы мен рухани болмысы архивтік құжаттар мен тың деректер негізінде терең зерттелген.

Жазушы-драматург, әде­биет­­танушы-ғалым, сыншы Әлі­­бек Байболдың «Тифлистегі қа­ламгерлер тағдыры» атты ең­бегінде Қазақстан мен Грузия арасындағы рухани, мәдени, әдеби, тарихи байланыс турасында сыр шертілген, қос елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалары жайында жан-жақты баяндалған.

Жазушы-журналист Қанат Әбілқайырдың «Рудаки­дан біз­ге дейін…» атты жинағы­на бірнеше зерттеу мақала­лары топ­тастырылған. Автор тә­жіктердің кеңестік кезең­де жа­рық көрген көне басы­лым­­да­рын­дағы қазақ әдебиетіне қатысты материалдарды сара­лап, бүгінгі күннің көзқа­расы­мен талдау жасайды.

Қарлығаш Әубәкірдің «Па­рал­лель: қазақ-беларусь әдебие­тіндегі ояну дәуірі» атты еңбегі – қазақ-беларусь әдебиетінің идеялық-эстетикалық бірлігін, рухани үндестігін саралаған әдеби-танымдық еңбек. Сон­дай-ақ алғаш рет қазақ тілінде оқыр­манды беларусь әдебиеті классиктерінің өмірі және шы­ғармашылығымен таныстырады.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, зерттеуші Қанат Алтынбектің «Біртұтас Алатау аспаны» атты еңбегі Түркістан кеңістігіндегі қазақ-қырғыз әде­биетінің рухани тамырларын кешенді түрде зерттейді. Қазақ-қырғыз әдебиеті арасындағы тарихи, рухани және идеялық байланыстар жүйелі түрде талданады.

Ахмер Біржанның «Қажы-Тархан мектептері» (Әліппеден әде­биетке дейін) – Қажы-Тархан (Астрахан, Ресей) өлке­сін­дегі қазақ ұлтының білім беру, мәдени-ағартушылық дәс­түрлерін тарихи, әдеби және рухани сабақтастық тұрғысынан қарастыратын зерттеу кітабы.

Момбек Әбдіәкімұлының еңбегінде 1900-1930 жылдары Ташкент қаласында қазақ ті­лінде (араб, шағатай емлесі­мен) шыққан басылымдарда Түр­кіс­тан аймағында өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан қаламгерлердің маңызды деген жазбалары басылған.

Осы кітаптармен әдебиет­сүйер қауым Ә.Тәжібаев атын­дағы кітапханада таныса алады.

«СБ» ақпарат