Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің №894 Жарлығына сәйкес бірқатар көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов марапат иегерлерін құттықтап, ана рөлінің қоғамдағы маңызын атап өтті.
«Көпбалалы аналар – елдің алтын қазығы, ұлттық тәрбие мен ұрпақ жалғастығының берік негізі. Анаға деген құрмет – мәңгілік. Бүгінгі марапат – аналар еңбегінің бағалануы ғана емес, жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектеріңізге деген ел алғысы», – деді аудан әкімінің орынбасары өз құттықтауында.
Марапатталған аналар қатарында Жалағаш кентінен Сандуғаш Малдыбаева «Алтын алқа» иегері атанса, Мақпалкөл ауылдық округінің тұрғыны Ұлпан Сәрсенова мен Мәдениет ауылдық округінің тұрғыны Ажар Сәрсенбаева және Гүлжайна Ілясова, Айгүл Ескенбаева мен Ақниет Жағыпар «Күміс алқамен» марапатталды.
Салтанатты жиында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Элмира Абсатова мен алтын құрсақты батыр аналар жүрекжарды тілектерін білдіріп, аналарды марапаттарымен құттықтады.






