Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана салынып, тұрғындардың игілігіне қызмет етеді. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.
14 наурызда «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны – 36,4 млрд теңгені құрайды. Аурухананың жалпы ауданы 57,3 мың шаршы метр, бөлінген жер учаскесі – 9,2 гектар.
Әкімдік тарапынан ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесін енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды.
Үкімет басшысының қолдауымен аталған көпбейінді аурухана құрылысын 2023 жылы республикалық бюджет есебінен іске асыру қолға алынып, үстеміздегі жылы 750 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жоба аясында ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 27 нысан құрылысының тізімі бекітіліп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданылды, қолдау тапты.
Қазіргі таңда құны 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Қазіргі таңда нысандардың жер учаскесі белгіленді. Қалған 9 дәрігерлік амбулатория құрылысы мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы келесі жылы әзірленетін болады. Қазіргі таңда жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыстағы Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын 2025 жылға дейін «көпбейінді ауданаралық аурухана» деңгейіне жеткізу бойынша шаралар қабылдануда.
Шиелі ауданаралық ауруханасына компьютерлік томограф орнату бойынша жеткізуші компаниямен келісімшарт жасалынды. Жыл соңына дейін орнатылады.
Ал, келесі жылы дәл осындай аппарат Қазалы ауданаралық ауруханасына орнату жоспарлануда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<