Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы сауда орталығының алдында жерге шашылған қоқысты жинап, жәшікке салып жатқан балақайдың бейнежазбасы кеңінен тарады.
Талай адамға үлгі боларлық әрекетімен көпшілікті сүйсіндірген Әзизхан Серіктің жасы әлі үшке толмаған. Бейнежазбаны анасы Айзат Жұмағали отбасымен бірге кинодан шыққан кезде түсіріп алған екен.
– Таксиге барар жолда балам жерде жатқан қоқысты бірінен кейін бірін көтеріп, жәшікке апарып тастады. Әзизханның тілі кеш шығып келеді. Сондықтан оның әрбір әрекетін, қылығын жиі видеоға түсіруді әдетке айналдырғанмын. Ал жан-жағын тазалап жүруді әжесінен үйренген. Видеоны туыстар мен достардың WhatsApp тобына ғана салдым. Олар бірінен-біріне таратып, ұлым бір күнде танымал боп шыға келді, – деді ол.
Осыдан кейін «Қызылорда тазалығы» мекемесінің басшылығы бүлдіршінді арнайы марапаттады.
– Осы үлгілі әрекет бізді де бейжай қалдырмады. «Қызылорда тазалығы» ұжымы Әзизханды ата-анасымен бірге мекемемізге арнайы шақырып, алғыс білдірдік. Кішкентай болса да оның саналы қадамы үлкен-кішіге бірдей үлгі. Тазалықтың бастауы жауапкершілікте, ал Әзизхан – осының жарқын дәлелі, – деді кәсіпорын директоры Сапарғали Асылбеков.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





