Көктем басталғалы жауапты мекеме қызметкерлеріне тыным жоқ. Қаланы көгалдандыру мақсатында жүйелі істерді тындыруда. Алдымен арық, канал бойларын тазартып, су көздерін ашты. Ағаш, гүл егетін орындарды дайындап, топырағын қопсытты. Қажетті дәрумендер мен минералды тыңайтқыштар қолданылды. Осылайша гүл өсірушілер баладай баптаған көшеттерді егуге кірісті.
Қорапқа салынған көшеттер жол бойында самсап тұр. Бағбандар олардың әр талын сәндеп, аялап егуде. Дұрыс алмай қалғандарын қайта жаңартып шығуда. Бұрын көпшілік арасында Қызылордада ағаш жоқ деген түсінік қалыптасқан еді. Ал қазір жағдай басқаша. Саябақтар мен демалыс орындарында, көше бойына сәнді де көпжылдық, жергілікті климатқа бейім ағаштар көптеп отырғызылды. Жыл сайын ағаш отырғызу акциясы жалғасын тауып келеді.
Қазір қаланы гүлдендіру жұмыстарын «ҚазСтройКапитал Қызылорда» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда. Бес жылдан бері көгалдандыру ісімен айналысқан олар биыл қаланы гүлмен көмкеріп, ағаш күтімі мен газон төсеу сынды көгалдандыруды қолға алды. Осы орайда мекеменің сектор бастығы Алтай Мұқанов бүгінгі күні атқарылып жатқан қызу жұмыстарды кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, гүл егу жұмыстары қарқынды, күтіп-баптау да тыңғылықты жүргізілуде. Осы кезге дейін облыс әкімдігі, «Сыр ана» монументі, Назарбаев даңғылы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, қала әкімдігі, Жақаев көшесі, Сырдария өзенінің сол жағалауы Абылайхан даңғылы, «Тағзым» алаңы, Жанқожа батыр, Амангелді ескерткіші, «Мұнайшылар аллеясына» 5 түрлі 290 мың түп біржылдық гүл мен 11 мың түп роза егілді. Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылы, Сұлтан Бейбарыс, Абай көшесі, Орталық алаң, «Сыр ана» монументі, И.Ильин паркі, облыс әкімдігі, Абылайхан даңғылы, Астана көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысына қосымша тағы да 500 мың түп біржылдық гүл мен 2000 түп роза егіліп, бапталуда.
Бұл жұмыстарға 33 техника жұмылдырылды. Құрылғының бәрі де заманауи жабдықтар. Дәл қазір мекеме қызметкерлері уақытылы суару, күтіп-баптау жұмыстарын күнделікті атқарып, қадағалауда.
– Қаламыздың көрікті болуы бәріміз үшін маңызды. Бұл жұмысты атқаратын арнайы біз секілді мекемелер бар. Бірі көгалдандырса, енді бірі тазалыққа жауап береді. Сәуір айынан бастап гүл егу, ағаш отырғызу, газон төсеу сынды жұмыстарды жалғастырудамыз. Жалпы көгалдандыруға 250 адам тартылған. Көшеттер Шымкент қаласындағы жылыжайлардан жеткізілуде. Гүл көшетін таңдаудың да тәртібі бар. Топырақ сапасы мен гүлдің ауруы бар-жоғын тексереміз. Әкелінген өсімдіктер құрғақ, көлеңке жерде сақталады. Егілгеннен кейін ғана сурамыз. Ауа райының қолайсыздығы көп кедергі келтіруде. Жел, аптап ыстықта жасыл желекті күту де оңай болмай тұр. Суару кезінде арнайы техникалар қолданылады. Гүл егудің үш кезеңі бар. Алдымен азот тыңайтқышы беріледі, ал, фосфор, калий тамырының дамуы мен ыстыққа төзімділігін арттырады. Тыңайтқыштарды дер кезінде себу де маңызды. Осы кезге дейін қала аумағына көз қуантар 800 мыңдай гүл егілді, – дейді А. Мұқанов.
Табиғатпен тіл табысып, етене жұмыс істеп жүрген еңбекқор жандардың арқасында жасыл желек жайқалып тұр. Көгалдандыру көптің ісі екенін дәлелдеп жүрген азаматтың бірі, гидротехник – Нұрман Молдабеков. Ол – тәжірибелі де білікті маман.
– Қазір жұмыстың нағыз қызған шағы, ыстыққа төзу оңай емес. Кеш батқаннан таңға дейін суару жұмыстарын жүргіземіз. Себебі күндіз суару өсімдікке зиян. Ағаш, гүл, газондарды уақытылы суармаса қурап қалады. Бағбанның да еңбегін бағалау керек. Суару кезінде водовоздар мен қатар автоматтандырылған жүйені қолданамыз. Мәселен, әр аумақта насос бар, оның пульті болады. Сол арқылы уақытқа қойып, мөлшерімен су жіберіледі. Бұған күнделікті 7-8 сағат кетеді. Агрономдар қай өсімдікке қандай мөлшерде су қажет екенін айтады. Сол бойынша суарып шығамыз. Себебі артық не кем құюға болмайды. Жұмысыма дән ризамын. Тұрғындар үнемі алғыстарын жаудырып, үлкендер батасын береді, –дейді ол.
Жағалай егілген гүлдерге бала тұрмақ үлкендер де қызыға қарап, қош иісін иіскеп, ағаш саясында демалуды әдетке айналдырған. Байқағанымыз, кешқұрым қаланың көрікті жерлерінде халық көптеп жиналып, балалар асыр салады. Бұл күнделікті қайталана беретін әдемі көрініске айналып келеді. Қала тұрғыны Айнұр Сахиева көше бойындағы гүлдер көз қуантатынын жеткізді.
– Мына қызыл, сары, ақ түсті гүлдер көбелек секілді. Өте әдемі. Тұрғындар демалатын мәдени орын саны жылдан жылға артуда. Осы бағытта қаншама жұмыс атқарылуда. Оны көріп те жүрміз. Биыл мәдени орындар мен парктер жөнделіп, қайта ашылды. Аумақтарына әсем гүлдер егілді. Міне, ауа райының қолайсыздығына қарамастан гүлзарлар жайқалып тұр. Шындығында, қаланың әсем келбеті өздігінен қалыптасқан жоқ. Мұнда қаншама еңбек жатыр. Жауапты мекеме қызметкерлері күндіз-түні тыным таппайды. Бірде суарып жатса, енді бірде арамшөбін тазалайды. Ісіне адал жандардың жұмысы мақтауға тұрарлық, – дейді ол.
Қалаға сырттан келетін қонақтар ең алдымен шаһардың көркем келбеті мен тазалығын тілге тиек етеді. Олар тіпті әлеуметтік желіде алған әсерлерін бөлісіп жатады. Алғашқы астананың бір ғасырлық белесі бүгін, міне, осындай әсерге бөлейді.
Айтқандай, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қаланың әр аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Бүгінде тазалық жұмыстарына 125 мекемеден 1615 адам атсалысқан. Сквер-аллеялар, көпқабатты тұрғын үй аулалары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың аумағы мен көшелердің бойын тазартып, қаншама тонна қоқыс шығарылды. Қазір тұрғындар да тазалыққа ерекше мән беріп, гүл егілген аумаққа ұқыпты қарайтын болған. Себебі сәнін түзеген дүниені бүлдірмеуге, адам еңбегін бағалауға көпшілік арасында оң көзқарас, жақсы мәдениет қалыптасып келеді. Бұл – әрине, қуантарлық іс. Айналаң гүлденіп, жайқалып тұрса, ғажап емес пе?!
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






