ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов Парламенттің жалпы отырысында Су ресурстары министрлігіне қарасты топтық су құбырлары бойынша депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлады Syrboyi.kz. Депутаттың айтуынша, сауалға түрткі болған қараша халықтың ақжарма өтініштері.
– Озық елдер ауыз су сапасының стандарттарына ерекше мән береді. Өйткені, халықтың өмір сүру сапасын көрсетеді. Бәрінен бұрын, денсаулығына әсер ететін басты фактор саналады. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, әлем халқының төрттен бірінен астамы, яғни 2 миллиардтан астам адам ауыз суға жеткілікті түрде қол жеткізе алмай отыр, – деді ол.
Елімізде ауыз су келмеген елді мекендер бар. Осындайда Мемлекет басшысының: «министрлер батыл шешімдерге дайын болуы керек. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша ол қажетті шешімдерді өз бетінше қабылдауы тиіс, – дегені еске түседі.
Президент судың өзектілігін терең түсініп, Су ресурстары және ирригация министрлігін құруға бастамашыл болды.
– Осы министрлікке қарасты байырғы жобалардың жыр бітпей келеді. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген екен дана қазақ.
Мәселен, қазіргі Ұлытау облысының орталығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін сонау 17 жыл бұрын, яғни 2008 жылы Есқұла топтық су құбырының құрылысы жобаланып, 2013 жылы бітуі қажет болған. Алайда әлі аяқталған жоқ.
Мұндай жобалар көп. Егер жобалар жылдап созыла берсе, құны да қымбаттай беретіні айдан анық. Бюджетті үнемдеу – тікелей министрлердің міндеті.
Қызылорда облысына қарасты Ақбасты, Тоқабай, Абай ауылдары, 12 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ететін Талап топтық су құбыры Министрлік атқаруы тиіс жобалар 11 жыл болды, әлі біткен жоқ.
Тоқабайдағы жобаның құны 3 млрдтан басталып, 9 млрдқа дейін жетіп, жоба құны 3 есеге артты.
Халықты ауыз сумен қамтуға жауапты министр батыл қадам қабылдап, шұғыл шешімдер шығаруы керек.
Қаңтар айының басында сайлаушылармен кездесіп, талап-тілегін білдік.
Халық тұтынып отырған ауызсуының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайының мүшкілекеніне шағымданды.
Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырды.
Алайда, Президенттің тапсырмасы орындалмай қала ма деген күмән бар.
Себебі, «Солтүстік Қазақстан облысы Соколов топтық су құбырын реконструкциялау» жобасы бойынша 2018 жылы басталып, әлі бітпеген. Жоба толық 2026 жылы бітеді деп жоспарланып отыр. Бұл жобаларға миллиардтап қаражат кетті.
Тағы да айтамыз, аяқталмаған жобалар «Су министрлігінде» біреу емес, көп. Бұл жобалар қашан аяқталып, халық қашан ауыз сумен қамтамасыз етіледі?
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, ел аманатын арқалаған AMANAT фракциясы келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді:
Бірінші. Барлық ауызсу бойынша созбалаңға созылған жобаларға толық ревизия жасап, нақты аяқталу мерзімі бойынша жоспар құру қажет. Сондай-ақ, жауапкершілігін қоса анықтау тиіс.
Екінші. Аяқталмаған жобалардың барлығын және алдағы жобаларды өңірлерге беру қажет. Өйткені, әр аймақ басшысы өз өңіріне қандай жоба қажет немесе қажет емес екенін жақсы біледі, – деді М.Жайымбетов.






