Компания президентімен кездесті

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Петро Қазақстан Инк» компаниясының президенті Чэнь Даю, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Чжао Сяоминмен кездесті. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да атап өтті.

– «Петро Қазақстан Инк» компаниясының мұнай-газ секторында ғана емес, облы­сымыздың әлеуметтік-экономикалық да­муын­да да ерекше үлесі бар.

Жұмыс орындарын сақтау, заманауи тех­нологияларды енгізу және экология мәсе­лелеріне жауапкершілікпен қарау біз үшін өзекті болып қала береді. Компания қолданыстағы 10 келісімшарт негізінде «Оңтүстік Торғай» бассейнінің бірнеше кен орнында көмірсутек өндіреді. Қазіргі уақытта кен орындарының көпшілігі өндірудің соңғы сатысында және қалдық қорды өндіру қиынға соғуда. Осыған байланысты тек қолданыстағы келісімшарттық аумақтарда ғана емес, жаңа перспективалық учаскелерде де барлауды бастау керек.

Өңірдегі «АйДан Мұнай», «Сибу Қызыл­орда», «ҚуатАмлонМұнай» және басқа да мұнай компанияларының қызметкерлері жалақы көлеміне, еңбек жағдайына жүйелі түрде наразылық білдіруде. Халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті болдырмауға бағытталған оңтайлы шешімдер қабылдау – біздің басты міндетіміз. Бұл ретте Сіз басқаратын компаниялар тобы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуда тиісті шаралар қабылдау қажет.

Үкімет газ тапшылығын болдырмау мақ­­сатында газ кен орындарын дамытуға ерекше назар аударуда. Өңір үшін мәсе­ленің маңыздылығын ескеріп, басқа ком­па­ниялардың ресурстарынан газ құбырын жүргізу жобасын іске асыру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.

Облыста жаңартылатын энергетика бел­сенді дамып келеді, жалпы қуаты 89 мегаватт болатын 9 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Жақын арада 7 күн және 2 жел-электр станциясын іске қосу жоспарланған. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды да басты назарда ұстауды ұсынамыз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде компания президенті көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, «Петро Қазақстан Инк» компаниялар тобына облыс аумағындағы мұнай-газ кен орындарын игеретін 6 компания кіреді. Атап айтсақ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Торғай Петролеум» АҚ, «ҚазГермұнай», «Көлжан», «Тұзкөл Мұнайгаз Оперейтинг» ЖШС және «ПКВИ» Қызылорда филиалы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі