Конго-қырым геморрагиялық қызбасынан сақ болыңыз!

825

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы вирус тудыратын аса жұқпалы ауру. Қызылорда облысы аталмыш аурудың табиғи ошағында орналасқан аймақтың бірі. Сол себепті де жыл сайын дәл осы ауруға қарсы күрес шаралары қатаң түрде бақыланады. Биыл өңірдегі 115 елді мекенге Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандары аталмыш аурудың аймақтағы ахуалын баяндады.

– Биыл облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз деп есепке алынған 115 елді мекенде кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде 2 кезеңмен жүргізілді. Кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігі арнайы құрылған жұмысшы топтармен тұрақты бақыланып отырады. Өңдеу қорытындысымен тиімділік көрсеткіші мал қораларында 96,3 пайыз болса, мал бастарына жүргізілген өңдеу сапасы 92,3 пайызды құрады. 90 пайыздан төмен болып анықталған елді мекендерге, яғни Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласына қайтадан нүктелік өңдеу жасалып, талапқа сәйкестендірілді. Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 10 күдікті жағдай тіркеліп, оның 4-еуі клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданында 3, Шиелі ауданында 1 дерек анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болды және шағымданушылар анықталған жоқ. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеулер жүргізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды. Биыл тұрғындар арасында 567 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, тиісті ем-дом жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болды, – деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел трансмиссивті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Негізінен екі толқынды дене қызуының көтерілуімен, жалпы интоксикация және тромбогеморрагиялық синдром белгілерімен сипатталады. Айта кететін жағдай, ТМД және шет елдерде бұл аурудың өзіне тән эндемиялық географиялық ошақтары бар. Аталмыш ауру көктем, жаз айларында кеңінен етек алады. Негізінен ауылдық жердегі тұрғындары және мал шаруашылығымен айналысатын адамдар жиі ауырады. Кейбір жағдайда ауру науқас адамнан сау адамға немесе зертханалық тексерулер барысында қан арқылы да жұғуы мүмкін. Егер кене шағу жағдайы орын алса мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге қаралуға кеңес беремін, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Жадыра Зинабдинова.

– Эпидемиологиялық маусымдарда қолайсыз болып анықталған 115 елді мекенде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының саны 763,0 мың басты құрайды. Ал, қора, суат пен шаңлақтардың жалпы көлемі 2 886 841 шаршы метр болып отыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 85 мал тоғыту ваннасы бар. Оның ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша бүгінгі күнге 60-ы жарамды, 25-і жарамсыз. Айта кету керек, сәуір айының басында керісінше 58-і жарамсыз, 27-сі жарамды болатын. Өткен жылы 21,2 мың бас уақ мал кенеге қарсы мал тоғыту ванналарына тоғытылса, биыл 10,9 мың бас уақ мал кенеге қарсы мал тоғытылды. Сондай-ақ, осы жылы 117,0 мың бас алдын ала егілді, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

– 2024 жылға көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін 170,1 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілді. Нәтижесінде Қызылорда қаласы мен 7 аудан бойынша 3 мердігер мекеме жеңімпаз болып танылды. Көктемгі залалсыздандыру жұмыстары 9 сәуір күні басталып, 24 маусымда толық аяқталды. Ал, күзгі залалсыздандыру жұмыстары 21 тамыз бен 8 қазан аралығында жүргізілетін болады, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердәулетов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<