\»Конго–Қырым\» қызбасының алдын-алу партия алаңында талқыланды

312

0

\"Конго–Қырым\" қызбасының алдын-алу партия алаңында талқыланды Қызылорда облыстық партия филиалы жанынан құрылған сайлауалды бағдарламаның «Денсаулық» бағытын жүзеге асырушы аймақтық комиссия өкілдері өңірдегі «Конго–Қырым гемморагиялық қызбасының алдын-алу және сақтану жұмыстарын талқылады.
– Конго–Қырым геморрагиялық қызбасының алдын-алу жұмыстарын пысықтау, бұл – азаматтардың денсаулығын өзінің саяси доктринасында басты құндылық ретінде белгілеген «Нұр Отан» партиясының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Себебі: біздің облыстың барлық аумағы аталған аурудың табиғи ошағы болып табылады. Бұл жұмыстарға жерглікті бюджеттен жылда тұрақты қаржы бөлініп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен көрсеткіш азамай отыр», – деді жиынға қатысқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Шыны керек аграрлық бағыттағы аймақ халқы үшін бұл өте өзекті мәселе. Мәселен, жыл басынан бері өңірде «Конго–Қырым гемморагиялық қызбасына күдікті 3 науқас тіркелген. Оның 2-уі қала аумағынан болса, бірі Қазалы ауданынан. 2018 жылға жасалған болжам бойынша қолайсыз аймақтар саны да өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Бұл туралы жиын барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтып өтті.
– Жыл басынан 381 кене шағу жағдайы тіркелді.Облыс бойынша КҚГҚ ауруынан қолайсыз аймақтар саны 2017 жылы 117 елді мекен болса, биыл 127 елді мекенге дейін жоғарылады. Өткен жылмен салыстырғанда елді мекеннен жиналған кенелердің саны мен түрлері де артып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың кенемен жанасуы және осы аурудың жаңа ошақтары тіркелу қауіпі бар дегенді білдіреді, – деді өз сөзінде Әлия  Әбдіқайымова.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Берлібек Ахметовтың айтуынша, қазіргі күні бұл індеттің алдын-алу мақсатында 26,8 мың бас уақ малдар арнайы ванналарда тоғытылса, 58,0 мың бас уақ малдарға ветеринариялық препараттар егілген.
– Қолайсыз елді мекендер болып танылған аумақтардағы мал саны, қора, суат, шаңлақ көлемі нақтыланып жатыр. Алдағы уақыттарға жоспарланған жұмыстарға да аса жауапкершілікпен қараймыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жиын барысында комиссия мүшелері аталған аурудың алдын алуға қатысты барлық жұмыстарды пысықтап, кемшін тұстардың шешілу жолдарын қарастыратын болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<