UFC-дің экс-файтері Конор Макгрегор өзін мүлде басқа салада сынап көрмек. Спортшы Ирландия президенттігіне өз кандидатурасын ұсынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Макгрегор өз-өзін ұсынатыны туралы жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол жақтастарын жергілікті кеңес мүшелеріне жүгініп, оның кандидатурасын қолдауға шақырды. Ол ең алдымен халық мақұлдамайынша бірде-бір заң жобасына қол қоймауға уәде берді.
“Ирландия азаматтары, өзгерістер уақыты келді! Егер президент сайлауында бюллетеннен менің атымды көргіңіз келсе, бүгіннен бастап жергілікті округ кеңесшілеріңізге хабарласып, менің кандидатурамды ұсынуды сұраймын”, – деді спортшы.
Макгрегордың айтуынша, оның мақсаты – қоғам мүдделерінің елеусіз қалмауы және шешім қабылдау кезінде азаматтармен санасып, олардың көрінетін нақты күшке ие болуы. Спортшы қазіргі биліктің халықты алдап келе жатқанын ерекше атап өтті.






