Конституциялық комиссияның кезекті екі отырысында ұсыныстар талқыланды

6

0

Фото: Облыс әкімдігі

Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп, реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген,талқылаудың барлық кезеңі тікелей эфирде көрсетілуде.

Отырыс модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, оның барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.

Отырыста үш негізгі спикердің, атап айтқанда, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды. Олар 2025 жылдың қазан айынан бері түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынды.

Басқосуда «Құрылтай», «Халық кеңесі» бөлімдері талқыланды. Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңның жекелеген нормалары, баптары мен бөлімдерін жан-жақты талдады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамы бекітілген болатын. Комиссия құрамында еліміздің өңір басшыларының арасынан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бар. Аймақ басшысы Конституциялық комиссияның отырыстарына,жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.

Сондай-ақ, Астанаға сапары аясында Үкімет басшысының орынбасарларының қабылдауында болып, Байқоңырда жүзеге асырылатын жобалар, алдағы егін егу науқаны, су тапшылығы, жол мәселесі бойынша ұсыныстар енгізді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі