Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Жұмыс тобының 9 қаңтарда өткен отырысында болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесін, өкілеттіктері мен функцияларын анықтауға, сондай-ақ биліктің басқа да тармақтарымен өзара іс-қимылына қатысты тәсілдер әзірленгенін айтты. 15 қаңтарға жоспарланған келесі отырыста жаңа Парламенттің басты мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз ету өкілеттіктері талқыланады.
Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен жұртшылықтан келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды.
Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар кездесуде Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысын өткізуді осы жылдың 20 қаңтарына белгілеп, алдағы маңызды іс-шараны ұйымдастыру және оған тыңғылықты әзірлену жөнінде нақты тапсырма берді.
Астық экспорты 33% артты
Транзиттік әлеуеттің артуы бидай экспортын еселеп отыр. Өткен жылы Қазақстан шойын жолдар арқылы 11 млн тонна астық тасымалдап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға көбейген. Бұл туралы 24.kz мәлімдеді.
Экспортқа бағытталған астықтың тең жарымынан астамы Орталық Азияға жөнелтілген. Қырғызстанға 2 есе, Өзбекстанға 32 пайыз, ал Тәжікстанға 12 пайызға дейін көп өнім жеткізілген. Ал Әзербайжанға барған астық 3 есе артқан. Иран, Ауғанстан, Қытай және Балтық елдеріне де Қазақстанның сапалы өнімі барып отыр.
13,5 трлн теңге бөлінеді
Елімізде энергетика және коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға осындай қаражат бөлінеді. Ал осы қаржының басым бөлігі коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Оның көлемі шамамен 7 триллион теңге.
24.kz келтірген дерекке қарағанда, энергетика саласын жаңартуға 6 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылса, 600 миллиард теңге автоматтандыруға және заманауи есептеу құралдарын орнатуға бағытталады. Есептеулер бойынша, қолға алған жұмыстың нәтижесімен жылу желілерінің тозу деңгейі 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінде 76-дан 45%-ға дейін төмендеуі тиіс. Бұл ретте сумен жабдықтау желілерінің де ахуалы оңалуы қажет.
«Қулыққа да құрық бойлайды»
Үш күн ішінде көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан үш мың жүргізуші анықталған. Осы ретте көлік прокурорлары мен полицейлер және «Қазавтожол» қызметкерлері жедел алдын алу шарасын жүргізуде деп хабарлайды 24.kz.
Әдеттегідей жүргізушілер көбіне ақылы жолдан өту, жылдамдықты асыру және жүк көлігіндегі салмақты көрсетпеу үшін құйтырқы әрекетке барады. Былтыр ел бойынша 40 мыңнан аса осындай заң бұзушылық әшкереленген. Қулыққа барып, айыппұлдан жалтармақ болғандар осындай әрекеті үшін енді бір жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылып, тіпті бес тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Көлік болса айып тұрағына қойылады. Полиция қызметкерлері нөмірсіз жүру, белгілерді жасыру немесе ауыстыру заңға қайшы екенін әрі ол үшін қатаң жаза қарастырылғанын ескертеді.
«СБ» ақпарат





