Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық және өңірлік коалиция мүшелері Мұрат Ергешбаев, Әмірбек Шаймағанбетов, аумақтық коалиция жетекшісі Өмірзақ Елеусінов, аумақтық коалиция мүшесі Қаншагүл Мұстафаева Жалғаш аудандық оқушылар үйінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, Конституциялық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы – елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан саяси жаңғырулардың заңды жалғасы. Бұл – мемлекеттілікті нығайтуға, билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ата Заңдағы өзгерістер азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын нақтылай түседі.
Негізгі басымдық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан жаңа редакциядағы Конституция әділетті қоғам қалыптастыруға, заң үстемдігін орнықтыруға және мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл өзгерістер ел бірлігін күшейтіп, әлеуметтік тұрақтылық пен орнықты дамуға берік негіз қалайды.
Біздің міндетіміз – реформалардың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіру, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қоғамдық диалогты нығайту», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында қызметкерлер өз ойларын ортаға салып, ұсынылған реформалар адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті айқындайтынын атап өтті. Сондай-ақ, олар жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына жауап беретін, ел болашағына бағытталған маңызды құжат болатынына сенім білдірді.





