Кореяның ұлттық өнер университеті қазақстандықтардың білім алуы үшін арнайы грант бөлді, деп хабарлайды ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының сайты.
Кореяның ұлттық өнер университеті (K-ARTS/KNUA) 1993 жылы ашылған және Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан. Университетте музыка мектебі, драма, кино және мультимедиа, би, бейнелеу өнері және корей дәстүрлі өнері сияқты алты факультет бойынша 26 департамент жұмыс істейді. Университет әртістік таланты бар жастарды қолдау мақсатында 2019 жылға арналған «Art Major Asian» (AMA) стипендиялық бағдарламасын ұсынады.
Аталмыш бағдарлама арқылы бакалавриатқа және магистратураға түсуге мүмкіндік жасалған. Стипендияның ішіне мыналар кіреді: негізгі бағдарлама бойынша тегін білім алу, ай сайынғы 800,000 вон сомасындағы стипендия, 3 ай қарқынды түрде корей тілінің курсын оқу, ішінара медициналық сақтандыру. Тіркеу және іріктеу уақыты: тіркеу 2018 жылдың 31 шілдесінде аяқталады, ал іріктеу нәтижесі 2018 жылдың 17 қыркүйегіне дейін шығады, грант иеленген талапкерлер 2018 жылдың 29 қазанына дейін Кореяға аттануы керек, олар 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың ақпанына дейін тіл курстарын оқиды. Оқу 2019 жылдың наурыз айында басталады. Оқуға түсуге қажетті құжаттардың тізімін, оқуға түсу жөніндегі нұсқаулықты және өтінім үлгісін университеттің сайтынан жүктеп алуға мүмкіндік жасалған. Кореяға оқуға түсуге қатысты барлық сұрақтардың жауабын global@karts.ac.kr электронды поштасы немесе +82-2-746-9073 телефоны арқылы сұрап білуге болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<