Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус жұқтырған қазақстандықпен бір бортта болған 14 азаматтың қай өңірлерге тарап кеткенін айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Олар сау азаматтар. Олар коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар. 14 азаматымыз өңірлерге тарап кеткен. Олар барған жерінде анықталып, стационарларға оқшауланды. Олар Алматы, Атырау, Степнагорск және Қарағанды қалаларында», – деді Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, бұған дейін Миланнан Мәскеу-Нұр-Сұлтан әуе рейсі арқылы ұшып келген қазақстандық әйелден коронавирус инфекциясы анықталған еді. Ал бортта 89 жолаушы болған. Оның 14-і Қазақстанға келгеннен кейін өңірлерге тарап кеткен. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.
Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 4 адамға жеткен еді.





