Көрме-конкурс қатысушыларына онлайн-дауыс беруге болады

299

0

Көрме-конкурс қатысушыларына онлайн-дауыс беруге болады «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткізілетін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары – 2018» көрме-конкурсына құжаттар қабылдау жүріп жатыр.
Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен конкурсқа қатысушыларға әдістемелік көмек көрсетуге арналған семинарға арнайы келген «Атамекен» ҰКП конкурсты ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Әбдікәрімова: «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының биылғы ерекшелігі республикалық конкурсқа қатысушыларға онлайн-дауыс беру кезеңі қосылды. Бұл жеңімпазды анықтаудың бір тәсілі. Жалпы қызылордалықтардың тауар өндірудегі әлеуеті жоғары. Сыр өңірінің тауарлары республика көлемінде жоғары бағалануда. Сондықтан да биылғы жылы да дайындықтарыңыз жоғары болса, үздіктер қатарынан көріне аласыздар», – деді.  
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының республикалық кезеңіне қатысу үшін ең алдымен өңірлік кезеңнен өту қажет. Осы орайда, облыстық кезеңге қатысуға қойылатын талаптармен таныстырып өтпекпіз.
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына кімдер қатыса алады?
Конкурстарға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Мемлекеттің қатысу үлесі 50 %-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар конкурсқа қатыса алмайды.
Конкурстың негізгі мақсаттары:
      1) жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру;
      2) Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;
      3) отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу;
      4) сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;
      5) халық арасында сапа идеясын насихаттау болып табылады.
Конкурс мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:
      1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
      2) «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
      3) «Үздік азық-түлік тауарлары».
Облыстық кезеңде жеңімпаздар дәрежесіне қарай бөлінбейді. Үш аталымда теңдей үш жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздар республикалық көрме-байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалар 2018 жылғы                       1 шілдеге дейін Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекен-жайында орналасқан Кәсіпкерлер палатасына немесе www.altynsapa.kz сайтында электронды нұсқада Конкурсқа қатысушылардың материалдарын рәсiмдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелерiне сәйкес өтінім мен материалдарды (есептерді) тапсыруы қажет.
Облыста конкурсқа жауапта маман – Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова. Байланыс құралы: 8 /7242/ 40-09-81 /ішкі 4311/, электронды адресі g.tanatova@atameken.kz.  
Конкурстар бойынша толық ақпаратпен www.altynsapa.kz  сайтында танысуға болады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<