КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӨРІСІ КЕҢ

288

0

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӨРІСІ КЕҢ 2018 жылдың 1 наурызындағы дерек бойынша, аймақта тіркелген шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 50 530 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға ұлғайды. Ал, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес иелерінің саны 38 137 бірлікті құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% пайызға артық. 2018 жыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды.
Осыған орай, жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленді. Жол картасында жалпы бюджеті 32 млрд. 86 млн. теңгені құрайтын барлық негізгі бағдарламалар, оның ішінде өңірлік бағдарламалар қамтылды. Бұл қаражаттың 3 млрд. теңгеден астамы «Стартап» жобаларға бағытталады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов мәлімдеді.
«Жол картасын іске асыру барысында басты назар кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға, оның ішінде ауылдық жерде микронесиелер берудің географиясын кеңейтуге аударылды. Бұл бағытқа тек биылғы жылы облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаражат бөлініп, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына орналастырылды. Бүгінгі күннің өзінде Өңірлік инвестициялық орталықпен жалпы құны 500 млн. теңгеге микробизнес субъектілерінің 172 жобасы мақұлданды. Жалпы, бұл мақсатқа әртүрлі қаржы көздерінен қосымша тағы 2 млрд. теңге бағытталатын болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында микронесиелер беру үшін 1 млрд. 900 млн теңге бөлінді», – деді Азамат Досжанов.
Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде несиелендіру сәуір айынан бастап жүргізілмек. Жыл соңына дейін 500 микрокредит беру жоспарлануда. Бағдарламаға жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған азаматтар қамтылады. Биыл «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 1600 адамды оқудан өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін грант беруге 200 млн. теңге бөлінді. Конкурстық іріктеу осы айда өткізілмек. Жыл соңына дейін бағдарлама шеңберінде кемінде 100 жобаны субсидиялау, 40 жобаны ішінара кепілдендіру және 70 жобаны грантпен қаржыландырыру көзделіп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<