10 маусым – Қазақстан кәсіподақтары мерекесіне орай “Кәсіподақтар жаңғыру жолында” ІІ облыстық кәсіподақтар форумы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов пен жергілікті мекеме басшылары және бірқатар салалардағы кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Форум “Ортақтастық. Ынтымақтастық. Жасампаздық” мото шеруі мен “Менің елім” кәсіподақтар флешмобынан бастау алды. Қ.Ысқақов қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Мемлекетіміздің байлығы – ол еңбек адамы. Бұл мереке кәсіподақ мүшелерінің ғана емес, бәрінен бұрын еңбек адамының мерекесі. Мерекенің негізгі мақсаты – еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы кәсіподақ бірлігін, еңбеккер мәртебесін көтерудегі жаңа бастамаларды насихаттау. Осы ретте, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы мәселелерді дер кезінде шешіп, барлық тараппен тығыз ынтымақтастықта болуда кәсіподақтың маңызы зор, – деген Қуанышбек Досмайылұлы мұнан әрі осы салада еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағанбетовтің айтуынша, қазіргі күні облыстың кәсіподақтары өңіріміздегі еңбекшілердің басын біріктіріп отырған ең ірі қоғамдық ұйым. Оның құрамында 93 мыңнан астам мүше бар болса, 1000-нан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс жасауда.
Өңірімізде екінші мәрте өткізіліп отырған форум барысында кәсіподақтың белсенді мүшелері Кәсіподақтар федерациясының төсбелгісі, Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, шарада кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстарын кәсіпкерлік нысандарда жандандыру және салалық кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен тұтастығы туралы үндеу жолданып, “Қауіпсіз еңбек” аймақтық бағдарламасына және “Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен “ION AQUA” денсаулық академиясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<