Күмәнді хабарлама жазған: Польшада қазақстандық әйел хабар-ошарсыз кетті

6

0

Фото: facebook.com/susanna.suhoterina/

Польшада Қазақстан азаматы Екатерина Шилова хабар-ошарсыз жоғалды. Оның 18 ақпанға Варшавадан Астанаға ұшатын ұшаққа билеті болған, бірақ ол рейске мінбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы Екатерина Шилованың әпкесі Facebook парақшасында баяндады.

Туысының айтуынша, 18 ақпанда шамамен сағат 17:00-де Екатерина әкесіне ертең Қазақстанға ұшатынын жазған. Ол әуежайға өзін пәтер жалдап тұрған үй иесінің күйеуі апаратынын айтқан. Сондай-ақ кері билетінің 15 наурызға сатып алынғанын да нақтылаған. Сол күні кешке ол соңғы хабарламасын – ұшар алдында жүк салмағын өлшеп, артық салмақ болмасын деп дүкенге түсіп бара жатқанын жазған. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.

Кейінірек туыстары оның телефонынан күмәнді хабарлама алған.

“Сәлем. Мен Варшавадан ұшып кетпедім. Мені Германиядағы жақсы жұмысқа шақырды, онда менің құрбым бірнеше жылдан бері жұмыс істейді, ал сатып алынған билеттердің ақшасын қайтарып берді. Босасам – жазамын”, – делінген хабарламада.

Жақындары бұл мәтінді Екатеринаның өзі жазбағанына сенімді. Әпкесінің сөзінше, жоспарды күрт өзгерту оған тән қасиет емес, ал хабарламадағы сөз тіркестері күмән тудырады.

Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы агент арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуушы болып жұмыс істеген. Кейінгі жарты жылда ол Украинадан келген ерлі-зайыптының үйінде тұрып, солардан бөлме жалдап тұрған.

Жоғалған күні Екатерина тапқан қаражатын Қазақстанға алып қайтпақ болған.

Отбасы полицияға жүгініп, сондай-ақ Қазақстан мен Польшаның дипломатиялық өкілдіктеріне өтініш жолдаған. Туыстары Екатерина Шилованың жүрген жері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтардан оны құзырлы органдарға хабарлауды сұрайды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Екатерина Шиловаға қатысты жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.

“Варшавадағы консулдық бөлім елдің уәкілетті органдарына ресми нота жолдады. Варшаваның бас полиция басқармасы ақпаратты алғанын растады, іс іздестіру департаментіне берілді. Қажетті консулдық көмек толық көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында”, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылдың Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейін Бас прокуратура Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді.