Күй өнері – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Қазаққа ғана дарыған қасиетті өнер.
Кеше Студенттер сарайында Сыр елінде шоқтығы биік киелі өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұрар Әліпбаевтың «Күй күмбірі» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Кеш «Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауында «Көңілашар» күйімен ашылып, Т.Әліпбаевтың орындауында Құрманғазының «Байжұма», «Ақбай» және Т.Әліпбаевтың «Ғұн бабалар», «Атырауасқан», «Өмір дастан», «Сатай баба», «Тасқын» күйлері орындалды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консеваторияның «Құрметті профессоры» Жанас Бекентұров дирижёрлік етті.
Әрбір өнер туындысының өз тарихы бар. Су тасқыны кезіндегі халықтың рухын көтеруге, қолдау білдіруге арналған шоқтығы биік «Тасқын» күйі көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы аймақ басшысының өнер иесіне деген арнайы құттықтауын жеткізді.
Тың туындыларымен күй құдіретінің сұлу үнінен рухани әсер алған сыр жұртшылығы күйшіні зор қошеметке бөледі.
Талантын тағылымға айналдырған хас шебер Тұрар Әліпбаевтың қазақ күй өнеріне қосқан үлесі ұшан теңіз.
Сондай-ақ, өнер майталмандары Тұрар Әліпбаев, Жанас Бекентұровтың қатысуымен Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттеріне шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Сырлы, сазды өнеріміздің мәртебесі биік болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін!
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<