Күміспен өрнектелген ер-тоқым мұражайға табысталды

1450

0

Бүгін облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ғылыми-сараптамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері Байыржан Әлибай Қызылорда қаласының тарихы музейіне тарихи сый жасады.

Жалпы, ер-тұрман жасаушылардың құрал-саймандарын үш топқа бөлуге болады. Ердің соқа басын қосу үшін ара, балта, шот, ойыс, жүзді шот, қуысқұлақ, үскі, ыңғыру, пышақ, түрпі, қашау, балға, тістеуік сияқты құралдар пайдаланған. Ердің жұмсақ жабдықтарын жасау үшін пышақ, біз, мүйіз сызғыш, былғары бетіне өрнек түсіру үшін – темір талшықтары мен өрнекті ағаш қалыптары және ердің темір және күміс әшекейлерін жасау үшін темір ұсталары мен зергерлердің саймандары толық қолданылған. Қазақ ершілері кей жағдайда бір ердің жұмысын екі-үш шеберге бөлді. Мысалы, бір ердің ағашын ерші шапса, екінші шебер – қайыс, былғары жабдықтарын, үшінші, күміс әшекейін зергер жасап беретін. Көпшілік жағдайда ер-тоқым бүкіл жабдықтарымен бір ершінің қолынан шығып та жатты. Ер-тоқым жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, асыл тастар, түрлі-түсті шынылар, сүйек, былғары, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, тоз сияқты заттар пайдаланылды.

Бүгінгі табысталған ер-тоқым да ертеректе таза күмістен әшекей жабыстырылып, былғарыдан жасалған.

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде анам қоймадан күміс ер-тоқымды алып тазалағаны есімде. Сол кезде анам маған «Бұл күміс ер-тоқым – атаңнан қалған мұра!» – деген болатын. Арада көп уақыт өткен соң ер-тоқымның тарихын іздестірдім. Өкінішке қарай тың дерек таба алмадым. Себебі, бұл жәдігердің тарихын атам Ыдырысұлы Әлибай білетін, алайда өмірден озуына байланысты деректер жинақталмаған. Жақындарымның айтуынша, бұл ер-тоқымның жасалғанына 70 жылдан астам уақыт болған. Қарағай ағашынан жасалған және терімен жабылып, күміспен өрнектелген. Күміс жапсырмаларының ірілі-ұсақты саны – 381 дана. Күміс ер-тоқымды негізінен әйел адам қолданған деген деректер бар. Бірақ мен ұсынған ер-тоқым шағын және балаларға арналған ер-тоқымға көбірек ұқсайды. Жанұямызбен ақылдаса келе мұндай жәдігерді көпшілік халық көрсін деген оймен мұражайға табыстауды ұйғардық, – дейді орталық қызметкері Б.Әлибай.

Ер-тоқым «Қызылорда қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қызылорда қаласының тарихы музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қорына табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<