Кеше шаһар басшысы Асылбек Шаменов өңірде теңдесі жоқ жаңа күріш дүкенінің ашылу салтанатына қатысты.
«Riсe Shop Kz» брэнді бар күріш дүкені жобасын қай кезде де санға емес, сапаға, пайдаға емес халықтың талабына сай жұмыс жасайтын «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы, белгілі кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев жүзеге асырып, Сыр топырағында өсірілетін күріш түрлерінің барлық сорттарын қолжетімді бағада сатып алу мүмкіндігін жасап отыр.
Бұл – аймақта күріш егіп, оны ақтаумен айналысатын барлық шаруашылықтардың өз өнімдерін халыққа ұсынуына қолайлы орта жасауда таптырмас шешім болды.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімі Асылбек Шаменов: «Дала академигі атанған Ыбырай Жақаев еңбектің туын тіккен Сыр еліндегі ақжолтай жаңалық, белгілі кәсіпкер Мұрат Абайұлының өз қаражаты есебінен жүзеге асқан өміршең жоба, жаңа брендті «Riсe Shop Kz» дүкені талғамы жоғары қызылордалықтардың жиі келетін орнына айналатынына сенемін» – деп, халық сұранысына жауап беретін жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы, “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” деген ұғым әлемдік тәжірибеде өткен ғасырдың басында қалыптасып, өркениетті елдерде уақыт талабына сай бейімделген үрдіс. Осы ретте, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да көркейеді деген мақсатты берік ұстанатын кәсіпкерлер, ағайынды Марат, Мұрат Сәрсенбаевтар бүгінде елмен біте қайнасып еңбек етіп, аймақтың дамуына зор үлес қосып келеді.
Компания алдағы уақытта да ел игілігі үшін жүзеге асыратын жаңа жобаларымен Сыр жұртшылығын қуанта бермек.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<