Биыл облыс бойынша 185,6 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылы орналастырылады. Дегенмен, жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 мың гектарға аз егілмек. Ал негізгі дақыл – күріштің көлемі 78,3 мың гектар болып, былтырғымен салыстырғанда 5,3 мың гектарға қысқарады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.
– Аймағымызда орын алған су тапшылығына байланысты күріш дақылы 5,3 мың гектарға дейін азаяды. Оның орнына суды аз қажет ететін егістікті әртараптандыру бағытындағы мал азықтық және бақша дақылдарының көлемі 4,7 мың гектарға көбейтіледі. Жалпы егістікке қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы толық жеткілікті. Көктемгі егін науқанына минералдық тыңайтқыштың 58,3 мың тоннасы және гербицидтің 38 мың литрі сатып алынды. Қолда бар 4 мыңға жуық техниканың барлығы 100 пайыз жөндеуден өткізіліп, егін егу науқанына қатысуда. Облыс бойынша межеленген дәндік жүгерінің – 197 гектары, сүрлемдік жүгерінің – 214 гектары, мал жемдік асқабақтың – 55 гектары, күнбағыстың – 42 гектары, картоптың – 1,6 мың гектары, көкөністің – 2,7 мың гектары, бақшаның – 3,8 мың гектары егілді. Негізгі дақыл – күріш егу жұмыстары 20 сәуірден басталған болатын. Бүгінде 70 575 гектарға дән себіліп, оның 62 109 гектары суға бастырылды. Мамыр айының 30-на дейін күріш егуді, ал 6 маусымға дейін суға бастыруды аяқтау межеленуде, – деді Талғат Дүйсебаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<