Бүгін Астанада тірідей өртеніп, қайтыс болған бес бірдей қыз баланың өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Ата-аналары түнгі ауысымда жұмыс істеуге кеткенде қаза тапқан балалар 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туылған. Олардың ең үлкені – Альбинаның Аяз атаға жазған хаты әлеуметтік желіде тарап кетті хабарлайды NUR.KZ.Мектеп оқушысының жазған хаты мен өз үйін бейнелеген суретін Артур Мағзомов есімді Facebook қолданушысы жариялаған.
«Өткен түнде өрттен көз жұмған 5 балапанның үлкені Альбинаның аяз атаға жазған хаты. Мектептен алдық. Тап-тар жерді пана қылған балалардың отқа оранған кереуеттері ғана қалыпты. Альбина бір суретінде өзінің үйін салыпты. Өртенген үйдің де сиқы осындай. Шатыры жоқ», – деп жазды Артур Мағзомов.
13 жасар жеткіншек өзінің тәртіпті оқушы болғанын, ата-анасының сөзін екі еткізбегенін айта келе, Аяз атадан сыйлыққа планшет сұраған.
Сондай-ақ, мектеп оқушысы өзінің Аяз атаға сенетінін де жазыпты.
Естеріңізге сала кетейік, 4 ақпанда Астанадағы аудандардың бірінде кенеттен шыққан өрттен бес бала қаза тапты. Оқиға болған сәтте олардың ата-аналары үйде болмаған.






