ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БІР МЕЗЕТТІК ОЙЫН ӨТКІЗДІ

337

0

Студенттер сарайында халық­аралық гроссмейстер, шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова бір мезеттік ойын өткізді. Шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ашып, Сыр еліне келіп, жастармен шахмат ойынын өткізіп жатқан әлем чемпионына  алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
– Шахмат ежелгі спорт түрі. Бұл жай ғана сайыс емес. Ақыл мен ойдың жемісі. Ойшылар ойыны ежелгі  Үнді елінен бастау алған деседі. Шахматтан чемпионаттар 1860 жылдан басталады.  Қазақ елінің де бұл ойын түріне қосқан үлесі зор. Спортшыларымыз түрлі чемпионаттарға қатысып, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап жүр,– деді облыс әкімінің орынбасары.
Шарада 30-ға жуық әуесқой шахматшы даңқты спортшымен бір мезеттік ойын өткізу мүмкіндігіне  ие болды. Солардың бірі – Айжұлдыз Қанатқызы. Ол алты жаста. Қызылорда қаласындағы №136 мектептің 1-сынып оқушысы. Шахмат үйірмесіне бір ай қатысқан. Павлодар қаласында өткен 6-7 жастағылар арасында жүлделі екінші орынды иемденген  Айжұлдыз Динараның Сыр еліне сапарын асыға күткен.  «Әлем чемпионымен ойын қызықты әрі қиын болды», – дейді жас өрен. Кішкентай шахматшы қыз болашақта Динара секілді чемпион атанғысы келеді. Сондықтан шахмат үйірмесіне үздіксіз қатысып,  білімімді жетілдіре беремін деген ойын жеткізді.
– Мұндай бір мезеттік ойындар әуесқой шахматшылар арасында әр уақытта зор танымалдылыққа ие. Бүгін ойынға келгендер саны біз күткеннен көп болды. Ересектердің де балалармен бірге барынша қызығушылық танытқаны таң қалдырды. Жас қатысушылардың көзінен қуаныш пен талпынысты көруге болады. Мұнда келген жастың бәрі де талантты екен. Жалпы, Сыр өңірінен танымал шахматшылар шығатынына сенімдімін, – деді чемпион.
Бүгінде Динара балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат ойынын танымал ету мақсатында Қазақстанның әр аймағын аралап жүр. Биылғы жылы республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезеттік ойындар, мастер-кластар және турнирлер өткізді.
Әлемнің ең мықты 15 әйелдің қатарына енген Динара Сәдуақасова аймақтардағы қоғамдық жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді. Сеанс ҚР Тұңғыш Президенті қоры мен  облыс әкімдігінің қолдауымен өтті. Қорытынды бойынша ең қызықты  ойындарға шахматшы өзінің жарық көрген «Шахмат ойнап үйренейік» атты кітабын сыйға тартты.
Айта кетейік, шахмат ханшайымы биылғы жылдың  желтоқсанында Астанада және келер жылдың басында Атырау қаласында өзінің академиясын ашпақ. Ол мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер мен жетім балалар үшін тегін сабақ беріледі. Сондай-ақ, келер жылы Астана қаласында республикалық студенттік турнир өткізуді жоспарлап отыр.
Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<