Әлемнің үздік геологы атағына үміткер

278

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Алтынбасов жазғы демалыста Ресей Федерациясының Тюмень қаласында өтетін «IESO 2020» халықаралық олимпиадасында ел намысын қорғайтын болады. Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған республикалық іріктеу кезеңінде Әлішер ең жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың 1-ші орын иегері атанды.
Еліміздің астанасында өткен білім сайысында Қызылордалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары үш бірдей жүлделі орындарды иеленді. Әлішермен бірге Гүлдана Сабитова мен Нұрдаулет Қонысбаев жер туралы ғылым бойынша үздік білімдерімен ерекшеленіп, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды.
– Мен бұл олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. Барлық тапсырмалар ағылшын тілінде болды. Олимпиадада біз жер қыртысы мен құрылымын зерттейтін Назарбаев Университетінің профессорымен кездесуге мүмкіндік алдық. Ол бізге геолог мамандығының ерекшеліктері туралы айтып, кәсіби бағдар берді. Болашақта мен өмірімді геологиямен байланыстырғым келеді, – деді олимпиада жеңімпазы Әлішер Алтынбасов.
Байқауға елімізден барлығы 100-ге жуық мектеп оқушылары жиналды. Қатысушылар геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен күрделі тапсырмалар орындап, білімдерін шындады. Бірінші орындарды иеленген дарындылардан Қазақстан құрамасы жасақталып, олар алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады.
IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Италия, Испания, Бразилия, Жапония және Франция сияқты елдерінде өткізілген білім сайысы биыл Ресейдің Тюмень қаласында әлемдегі ең үздік жас геологты анықтайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<