1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау механизмі өзгерді. Бүгінде базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және табысына қарамастан, баршаға бірдей тағайындалады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы және өзге әлеуметтік төлем жүйелеріндегі өзгерістер жайлы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысы Төреахмет Жолымбетов тарқатып айтты.
Спикердің хабарлағанындай, базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа механизмі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілін және 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі кезеңді есепке алады. Облыс бойынша 69,2 мыңнан астам зейнетақы алушының көбейтілген базалық зейнетақы төлемдерінің шешім жобалары уақытылы бекітіліп, шілде айының төлеміне қосылған. Қазірдің өзінде республика бойынша 2 148 000 зейнеткер үшін төлемдерге қажеттілік анықталған.
– Республикалық бюджет комиссиясы бұл мақсатқа 530 млрд теңгеден аса қаржы қарастырып отыр. Барлық базалық зейнетақы төлемін алушылар тікелей электрондық үкіметтің сервистері арқылы жаңа базалық зейнетақы төлемінің мөлшері туралы анықтамалар есептерімен таныса алады. Мемлекет басшысы өзінің 2018 жылдың 10 қаңтардағы Жолдауында Үкіметке 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға қосымша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырды. Соған сәйкес, жаңадан жәрдемақы тағайындалатын болды. Оның мөлшері күнкөрістің ең төменгі деңгейіне, яғни 29 699 теңгеге тең, – деді департамент басшысы.
Қалай десек те, қоғамнан әлеуметті ажыратып қарай алмаймыз. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау жасау – ұлттың көбеюіне, дамуына, әлеуметтің әл-ахуалының жақсаруына сеп. Ал, әлеуметтік міндеттемелер кезең-кезеңімен осылай орындалып отырса, әлеуметтің де әлеуеті артары сөзсіз.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<