ӘЛЕУМЕТТІК САЛА БАСЫМДЫҚҚА ИЕ

356

0

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА БАСЫМДЫҚҚА ИЕ Еліміз бойынша бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен  бейнеконференцияға барлық өңірлер онлайн режимде қосылып, тұрғындардың өздерін толғандырған сауалдарға жауап алуына мүмкіндік қарастырылды.
 Ашық диалог форматындағы шарада министрлік басшысы әлеуметтік сала әлеуметтік жобаларды қажет ететіндіктен, бюджеттегі басты басымдық осы салаға берілгенін атап өтті. Бюджет құрылымында әлеуметтік шығыстардың үлесі өткен жылы 51,5%-ке дейін ұлғайғанына, яғни бюджет қаражатының 50 проценттен  астамы әлеуметтік салаға бағытталғанына тоқталды. Есепті қаржы мемлекеттік бюджетке кірістер трансферттерді қоспағанда 7 трлн теңгеден астам соманы құрайтынын жеткізді.
– Жоспар 102,2%-ке орындалды, өткен жылға өсім 700 млрд теңгені, 11 процентті құраған болатын. Шығыс бөлігі бойынша да рекордтық игеруге қол жеткіздік, – деген министр жоспардың артығымен орындалуы негізінен салық түсімдерінің өсуі есебінен болғанын қосымша айтып өтті.
Министр мемлекеттік сатып алу мен бюджеттік жоспарлау саласына енгізілетін жаңашылдықтар жайын да хабардар етті.
– Бизнес процестерді жеңілдету үшін біз жыл сайын автоматтандырылған рәсімдер үлесін ұлғайтып келеміз. Фискалдық әкімшілендіруді оңтайландыру қолға алынған. Тәуекелдерді басқарудың жаңартылған жүйесі тексерулер санын қысқартып ғана қоймайды, сонымен қатар камералдық бақылау бойынша хабарламаның дұрыстығын арттыруға септеседі. 2016 жылы 77,9 мың тексеру жүргізілсе, ұзаған жылы ол 45 процентке азайды. Тексерулер саны қысқартылды. Бұдан бөлек, электрондық форматқа көшу және алдын ала верификация рәсімін болдырмау салдарынан қосылған құн салығын төлеушілер саны 11 мыңға өсті, – деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Бақыт Сұлтанов биыл Мемлекет басшысының және Үкіметтің мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану және оны нығайту бағытында айқындаған барлық міндеттерін орындау жалғасатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар министрліктің электрондық поштасына түскен сауалдар мен  залдағы азаматтардың, өңірлер тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<