Лондонда мыңдаған адам Палестинаны қолдап шеруге шығады

579

0

Фото: pixabay.com

11 қараша күні Лондонда Газа секторындағы атысты тез арада тоқтатуға үндейтін Палестинаны қолдау маршы өтеді, деп хабарлайды Каzinform агенттігінің тілшісі.

Бұл жолғы наразылық шарасы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі соғыс қимылдарын тоқтатқан Компьен бітіміне қол қойылған күн – Қаза тапқандарды еске алу күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Ұлыбританияның премьер-министрі, Ішкі істер министрі мен бірқатар британдық саясаткерлердің соғыс ескерткіштерінің қорлануынан және тәртіпсіздіктердің болуынан қауіптенгеніне қарамастан, Лондон полициясы шеруге тыйым салған жоқ.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, наразылық шарасы орталық соғыс ескерткіштерінен алыс жерде өтеді және елде жалпыұлттық үнсіздік минуты жарияланғаннан соң, сағат 11:00-ден кейін басталады.

Шеру Гайд-парктен басталып, АҚШ елшілігінің жанында аяқталады. Наразылық шарасына 70 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Бірқатар тым оңшыл топтар өз жақтастарын сенбі күні контрдемонстрацияға шығуға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<