Лотерея

2128

0

Ол тәтті қиялдың соңынан ерген лотереяшы болатын. Кешке жатарда бүгінгі сатып алған лотереясын елеусіз ескі аяқ киімінің ішіне тығып қойды. Ертесі күн сәрсенбі. Тазалыққа құштар әйелінің мүбәда көзі шалып қалса, тағы бір дыңғырға мұрындық болары ғажап емес қой.

Биыл елуден асқан оның ұйқысы да бұрынғыдан азайған. Түн ортасы ауа кеуде жағы ашылып қалған жұбайының көрпесін еппен қымтап қойды. Биыл күз суығы ерте білінді. Кеше ғана қар аралас жаңбыр жауып, жақындағы таулардың басын тұман шарпысы ораған еді. Ақырын тұрып, қызының бөлмесінің есігін еппен ашты. «Осы баланы-ай», – деп зілсіз реніш білдірді. Толысып, бойжетіп қалған қызы аса көрікті еді. Кішкентай кезінен бастап көрпесін теуіп тастайын әдеті. Қызының бұйра талшынды мақпал шашын құшырлана иіскеп қойды. Кереуеттің аяғында томпиып жатқан үлкен қоңыр ала панда қуыршағын іргесіне тастады. Қайта айналып өз орнына жатқанда күзгі айдың бозғылт суық сәулесі жартылай ашылған пердеден терезенің жақтауына түсіп тұрған болатын…

Ол сондай жағымды қоңыраулаған үннен оянып кетті.

– Ақыры сенің арманың іске асты, – деді көгілдір сағымның ішінен шыққан үн. – Десе де, бұдан бұрын да екі рет орайдан айырылып қалғаныңды білесің бе? – деп сұрақ тастады.

– Қалайша? – деген бір ауыз сөз оның көкірегінен әзер ұшып шықты.

– Бірінші рет, – деді. – Сен осы сандарды таңдап алып, лотерея сатып алған күні. Үйге қайтып келе жатып, егер миллионер бола қалсам, астыңа мерседес машина, басыңа сәулетті қоражай сатып алып, сән-салтанатты тұрмыс кешірмекші болдың. Ең сорақысы, тал бойында бір мін жоқтай көрінетін өзіңнен мүшел жас кіші сұлумен ойнап-күлуді армандадың. Алайда оның әлдебір мықтының көңілдесі екенінен мүлдем хабарсыз едің. Сол кезде саған сүйкімсіз көріне бастаған әйелің бір жастан асқан ұлыңның аузына омырауын емірене төсеп, сені күтіп отырған болатын. Екінші рет жеті жылдан кейін жаздың жаңбырлы кешінде, жолдан кесіп өте бергенде, сені ауыр жүк машинасы соғып кете жаздады. Бақытыңа орай, сен аман қалдың. Соның алдында ғана, егер миллионер бола қалсаң, өзің тұрған қаладан ең әйгілі шарапхана мен құмархана ашпақша болдың. Сонымен қатар бұрын төбелесіп қалған біреулерге жасырын қастандық жасау ойың да болды. Ол кезде үш жасар қызың «ұзын шашты ханша» атты мультфильмді көріп отырған болатын. Міне, бүгін ондаған жылдардан кейін ақыры арманың іске асты. Кеше ұзақ жылдар бойы үзбей алып келе жатқан осы лотерея билетін сатып алғаннан кейін, ауладағы орындықта ұзақ ойға шомып отырдың. Қарсы ғимараттағы ақ шашты қария мүгедек немересін арбасына отырғызып, күнделікті ғадеті бойынша ауланы ақырын айналдыра бастады. Басын қылжитып, көзі шапыраштанып, аспанға қарап телміріп, мән-мағынасыз ыржыңдай беретін немересінің түсініксіз сөзіне құлақ төсеген қарияның белі садақтай иіліп тұрды. Сен тәубеңе келе бастадың, жанарыңнан лықсып шаққан жас тамшыларының өзі мөлдір емес, қоңыр түсті болатын… Кешкі тамақтан кейін жол бойымен күндегідей ұзақ уақыт жүрдің. Жиырма неше жыл бойы лотерея сатып алғанда, тек өзіңді ғана ойлайтын едің. Қайтып келе жатып, қоғамдағы әлсіз жандарға шын ниетіңмен көмектескің келді. Өйткені қария мен немересі саған ащы сабақ берген болатын. Есіңде болсын. Адамдар қанағаттан айырылған күндері оларға қасіреттің есігі ақырын ашыла бастайды…

Ол көзін ашқанда, ерке, тентек қызы мұның мұрнын созғылап тұрған еді. Ас үйден жұбайының таң бозынан оқудағы ұлына телефон шалып жатқандығы айдан анық. Ол сандалын сүйретіп барып, ескі аяқ киімінің ішінен лотерея билетін аса сақтықпен алды. Лотерея билетіндегі сандар алтындай жарқарап тұрды. Шексіз тебіренген ол ендігі мақсаттары туралы сұлу ой кеше бастады…

Манар Есенбай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<