Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9% дейін төмендетті

341

0

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9% дейін төмендетті 4 маусымда Ұлттық Банк пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізін +/-1% деңгейінде сақтай отырып, базалық мөлшерлемені 9% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР ҰБ баспасөз қызметі хабарлады.
Өтімділікті беру және алу операциялары бойынша мөлшерлемелер тиісінше 10% және 8% деңгейіне дейін төмендетілді. Бұл жөнінде бүгін Алматы қаласында телевизиялық БАҚ үшін брифингте сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.  Ол ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі базалық мөлшерлеме деңгейінен кейін 9%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Бұл шешім жылдық инфляция деңгейінің және халықтың инфляциялық күтулерінің одан әрі төмендеуіне, сондай-ақ мұнайдың әлемдік нарықтардағы қолайлы үрдістермен байланысты болды. Жылдық инфляция мамырда нысаналы дәліз ішінде төмендеуін жалғастырды және 6,2%-ды құрады. Сәуірде Ресей рублінің ауытқулары және теңгенің номиналдық айырбастау бағамының әлсіреуі аясында 6,3%-ға дейін артуынан кейін мамырда бір жыл алға күтілетін инфляция 6,0%-ға дейін төмендеді. Күтілетін инфляция жылдың басынан бері инфляция деңгейінің төмендеуінен басып озып, 1,1 пайыздық тармаққа төмендеді. «Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі, біздің бағалауымызша, инфляцияның ағымдағы жылға арналған және келесі жылға арналған нысаналы дәліз ішінде сақталуына, сондай-ақ 2020  жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4% болатын орта мерзімді бағдарға қол жеткізуге ықпал ететін болады», – деді Д.Ақышев. 
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 9 шілдеде Астана қаласының уақытымен сағат 17:00-де жарияланатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<