М.Оразбаев: Мәдениет пен спорт саласында ілгерілеу бар

590

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазыналы Қазалы марғасқа жырау, арқалы ақын, табан асты ой өретін айтыскерлер шыққан іргелі аудан. Ауданның 95 жылдығы аясында түрлі шаралар лек-легімен өтті.2024 жылы да ұлтқа ұстын болған тұлғалардардың құрметіне тағылымды шаралар өтпек. Қазалы мәдениетіндегі қарқынды жұмыстарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.

– Өткен жылы ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы – 1222 іс-шара өткізілді. Биылғы жылдың қуанышты жаңалығы ретінде көптен тұралап қалған Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет Үйінің пайдалануға берілгенін айтсақ болады. Сол секілді осы жылы аудан орталығынан жалпы құны – 1,8 млрд теңге құрайтын «Руханият» орталығы құрылысы басталады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Ауданның спорт саласында да жарқын жетістіктері бар. Мұхтар Оразбаев солардың бір қатарын ақпарат алаңында айтып өтті.

– Былтырғы жыл аудан спортшылары үшін жемісті жыл болды. Олай дейтініміз, жерлесіміз Гүлсая Ержан Бангок қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, Таисия Алексеева ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Ауыз толтырып айтарлық тағы бір жағымды жаңалық – Қытай елінің Ханчжоу қаласында ХІХ Жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Абылайхан Жұбаназардың дзюдодан қола жүлдегер атануы. Жалпы, 2023 жылы Қазалы ауданының спортшылары Әлем чемпионатында 3 алтын, 9 күміс, 1 қола, Азия чемпионатында 6 алтын, 9 күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық турнирлерде 3 алтын,13 күміс, 12 қола медальдарын иеленсе, әр спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 23 алтын, 32 күміс, 36 қола медаль иеленді, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<