Мәдениет саласы өкілдеріне жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызы түсіндірілді

5

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін Тереңөзек кенті мәдениет үйінде мәдениет саласының ардагері, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшесі Сансызбай Сәдуақасов мәдениет саласы өкілдерімен кездесіп, Конституциялық реформалардың басым бағыттарын түсіндіріп өтті.

– Еліміз әділеттілікті басты бағдар етіп алып, жаңаруға түбегейлі бет бұруда. Жарияланған жаңа Конституциясы жобасы тұрақты болашаққа деген жаңа қадамның көрінісі. Жалпы мәдениет ұғымы жаңарған Ата заңда инновация, ғылым және біліммен қатар орталық идеялардың бірі ретінде танылды. Ұлттық құндылықтарға көрсетілген жанашыр көзқарас. Ал бұл рухани қуат өз кезегінде Конституцияның жаңа жобасында басты қағидаттардың бірі ретінде бекітілген патриоттық сезімдерді нығайта түседі. Қазақстан үшін бұл кезең – саяси реформалардың қорытындысы ғана емес, жаңа мемлекеттік даму дәуірінің бастауы деп үміттенеміз. Алдағы кезеңде Конституция жобасы кең көлемде талқылаудан өтіп, түпкілікті шешімнің референдум арқылы қабылданатыны белгілі. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тарихи сәт, – деді С.Сәдуақасов.

Сондай-ақ, елдің институционалдық тұрғыдан жаңа сапалық кезеңге қадам басқаны айтылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты іс жүзінде бекіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығая түсті. Конституциялық бақылау тетіктері жетілдіріліп, заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде, ұлттық ресурстарды әділ бөлу ұстанымы күшейтілуде. Барлық шешімдер әділдік, теңдік және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарына сүйенетіні ерекше аталды.

Конституциялық реформа – елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Мәдениет саласы өкілдері бұл өзгерістер қоғамның рухани дамуына және шығармашылық ортаның еркін қалыптасуына оң әсер етеді деген пікір білдірді.

Сырдария ауданы әкімдігі