Мәдениет және өнер саласы ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

280

0

Фото: Сырдария ауданы

Кеше аудан әкімі Берік Сәрменбаев мәдениет және өнер саласы ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы мәдениет пен өнер саласын дамытуда Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті ел тұрғындарының рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп атап өтті. Сондықтан елдің мәдениеті өркендеп дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы асқақ болады. Мәдениет пен өнердің Отаны саналатын Сыр бойында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен айшықты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Өңіріміздегі барлық ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, неке қию залы, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі және тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар «Руханият» орталығы Тереңөзек кентінде бой көтеруде. Сонымен қатар, облыс орталығында жаңадан 1000 орындық «Өнер» орталығы ашылып, жұмысын бастады. Бүгінде музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатса, балалар шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы» салынатын болады. Ауданда да сала жұмысын жандандыруда зор қолдау бар, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік қабылдауда аудан басшысы мәдениет пен өнер саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлерін «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Мәдениет және өнер саласы ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова мерекелік лебіздерін білдірді.

Ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына қажырлы қызмет етіп, руханиятты өркендетуге үлес қосып жүрген сырдариялықтар әркез құрмет төрінен көрінуде. Биыл мерейлі 70 жасқа толған белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановқа аймақ басшысы Н.М.Нәлібаев «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын табыстап, құрмет көрсетті.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 200-ден астам мәдениет қызметкерлері жемісті еңбек етуде. Бүгінде 8 мәдениет үйі, 8 клуб, 1 мұражай және 17 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<