«Мәйітті жасыруға тырысқан» Марқұмның жақындары оқиғаны баяндап берді

630

0

Қызылордада үш баланың анасы Ажар Шадиеваны өз туған күнінен кейін күйеуі ұрып өлтірген болатын. Әйелдің анасының айтуынша, қылмыскер мәйітті жасыруға тырысқан. Марқұмның жақындары оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға күні Ажар күйеуімен, оның досымен және екі туысқанымен бірге кафеде туған күнін атап өткен. Әйел үйіне ертерек оралғысы келген. Бұл күйеуінің шамына тисе керек, ол сол жерде жарын ұрып-соға бастаған. Сол арада куәгерлер полиция шақыртқан.

– Кейін Ажардың телефонымен полицей анасына хабарласқан. Ол кезде Ажарды күйеуі үйіне алып кеткен. Ал оның телефоны кафеде қалған екен. Полицей анасына хабарласып болған жағдайды айтып, олардың шотты төлемей кеткенін жеткізген. Тіпті қызын ауруханаға апаруға кеңес берген екен. Өйткені күйеуі оны есінен танып жатқан жерінен алып кеткен. Ажардың анасы хабарды естіп, бірден оның үйіне жүгірген. Барған кезде күйеу баласы оның демалып жатқанын айтып, кірмеуін сұраған екен. Алайда анасы көрпешеде оранып жатқан қызын көру үшін ашып қалған кезде оның жан тапсырғанын бірден ұққан. Күйеуі мәйтті жасыруға тырысса керек, оны жуындырып, жақсылап орап тастапты, – деді марқұмның әпкесі Жұлдызай.

Жақындарының айтуынша, Ажардың сау-тамтығы қалмаған. Күйеуі оны металл затпен ұрған. Құрбылары оның соққыға жығылғанын бұрындары да көргендерін және ажырасуға кеңес бергендерін айтады.

Ажар бір күн бұрын 27 жасқа толып, қаза тапты. Оның артында үш баласы қалған. Ең кішісі екі жаста.

– Ол балаларын қатты жақсы көрді. Бір өзі жұмыс істеп, отбасын қамтамасыз етіп отырды. Балаларын ешкімнен кем қылмады, – деді марқұмның құрбысы Белла Іңкәрбекова.

Ажардың құрбылары оның ақжарқын, мейірімді, жақсы адам болғанын айтады. 

Полиция күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғады. Ол кісі өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал марқұмның туыстары полициядан бастап сол күні куә болған, бірақ араша түспеген барлық адамдардың жауапқа тартылуын талап етуде.

Еске салсақ, Қызылордада 3 тамыз күні күйеуінен таяқ жеген үш баланың анасы көз жұмған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<