Кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2 негізгі мәселе қаралды. Бірінші мәселе — «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту туралы» болды.
Аталған бағытта аудан бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылу барысы мен халық қамтылуының деңгейі талқыланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аудандық филиалы мен денсаулық сақтау ұйымдарының бірлескен жұмысы туралы айтылып, сақтандырылмаған тұрғындардың үлесін азайту, жарна төлеу тәртібін түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті қойылды.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, әрбір елді мекен бойынша нақты талдау жасап, сақтандырылмаған азаматтарды тіркеу және қамту шараларын күшейтуді тапсырды.
Екінші мәселе — «Көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары туралы» болды.
Аудан әкімі жауапты бөлімдер мен кент, ауылдық округ әкімдеріне көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, жеке кәсіпкерлер мен шаруашылық субъектілерін заңды түрде тіркеуді, сондай-ақ онлайн бақылау-кассалық аппараттарын орнату жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында ресми еңбек қатынастарын қалыптастырудың маңыздылығы мен заңсыз жұмыспен қамтудың экономикалық және әлеуметтік салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков барлық бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстап, тұрғындардың әлеуметтік қамтылуы мен экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған шараларды күшейтуді тапсырды.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






