Бүгінде өңірде түрлі технологиялардың көмегімен тың дүниелерді ойлап шығаратын жастардың қатары артқан. Солардың бірі – қызылордалық Марат Палмахов «Мәңгілік қозғалтқыш» деп аталатын өздігінен жарықтандыру құрылғысын ойлап тапқан. Өнертапқыштың айтуынша, бұл жоба ерекше шығынды қажет етпейді әрі экологиялық тұрғыда тиімді болып табылады. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Марат Палмахов БАҚ өкілдеріне аталған жобаның жұмысын баяндады.
– Былтыр мен өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасадым. Бұл құрылғыны қолдану оңай және үлкен шығынды қажет етпейді. Сондықтан жобаны өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға болады. Генератор экологиялық материалдардан жиналғандықтан қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармайды. Сондай-ақ аталған генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға тікелей байланысты емес. Қуат көзі ретінде желді де, суды да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді. Тиімділігі де сол, бұл құрылғыны алыс елді мекендерде, фазендаларда, омарталарда, фермерлік шаруашылықтарда қолдануға өте ыңғайлы, – деді өнертапқыш Марат Палмахов.
Марат Ерғазыұлының ойлап тапқан идеясына елдегі беделді жоғары оқу орны Nazarbaev университеті қызығушылық танытуда. Жақында ол ерекше туындысына патент алды. Алдағы уақытта басқа да тың идеяларды жүзеге асыруға кіріспек.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<